Заңды қоқыс полигондарының тапшылығы Алматы облысындағы экологиялық ахуалды тығырыққа тіреп тұр

Dalanews 29 қар. 2022 13:30 1465

Алматы облысының экологиясы сын садағына ілінгені қашан?.. Өңірдегі таза ауаның жағдайы мәз емес. Бүгінде аймақтағы 52 кәсіпорын ауаның ластануына әкеп соғатын ең маңызды фактор болып табылады. Облыстағы экологиялық жағдайы ең нашар аймақ – Талғар қаласы. Республика көлемінде ауаның ластануы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмендесе, Алматы облысында керісінше өсім байқалады.

Облыстағы экологиялық мәселелердің қатарын ауаның ластануы және радиоакативті қалдықтардың келтіріп жатқан залалы, қоқысты өңдеудің бірізді жүйесінің жоқтығы, Қонаев қаласы маңында орналасқан тозығы жеткен кәріз-тазарту стансасының жағдайының мүшкілдігі және Балқаш көлінің экологиясы сынды мәселелер экологиялыө ахуалды қиындатып отыр.

Сондай-ақ, Қапшағай су қоймасында да шешімін таппаған мәселелер бар. Айталық, аталған аймақта, су деңгейін бірқалыпта ұстап тұратын құрылғы атымен жоқ.

Тіпті, Қапшағайдағы су деңгейінің төмендеп, оның азаю факторлары да тіркелген. Басты себеп, бастау суын шамадан тыс пайдалану, және су қорғайтын шекараның белгіленбегені. Аталған түйіткілдер еліміздің бас экологының назарына да іліккен-ді.

ҚР Экология министрінің өзі баса мән берген кезекті мәселе, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы кәріз жүйесінің сапасы сын көтермеуі.

Қазіргі таңда өңірдегі 5 бірдей ауданда кәріз тазарту құрылғысы жоқ. Кәріз жүйесіндегі қалдықтар тазартылмаса, түйін тарқатылмаған жағдайда мұның соңы үлкен экологиялық күйреуге алып келері анық. 


Кәріздің қордаланған дүниесіне, аймақтағы қоқыс тастайтын заңды полигондардың тапшылығы да экологиялық ахуалды қиындатып тұр. Бұл мәселе облыстағы 3 ауданға тікелей қатысты.

Алматы облысындағы табиғат пен ауаның айналасындағы өзекті мәселелердің қатарында су ресурстарыда бар. Бұл туралы бас эколог өзі айтқан болатын. Министр мырза Алматы облысы аумағында су желілері қайта жөндеуден өтсе, онда суармалы жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік туатынын атап өткен еді.

– Биыл Алматы облысында 670 шақырым су арнасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл 12,5 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыста Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен Еңбекшіқазақ және Балқаш аудандарының 830 шақырым су желілерін қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде, 18 мың гектар суармалы жер қалпына келеді, – деген болатын ҚР Экология министрі  Серікқали Брекешев.

Өңір экологиясының жай-күйі облыстық мәслихаттың төңірегінде де жиі қозғалатын мәселеге айналғаны жасырын емес.

Аймақ  бойынша қоршаған ортаны қорғау мен табиғат ресурстарын пайдалану ісі май шаммен қаралып, жыл басынан бері 57 шаруашылық жүргізуші субъектілері тексерілген.

Бүгінгі таңда облыста экологияға залал келтірушілердің қарасы көбейіп келеді. Құзырлы мекемелер олармен күрес шараларын күшейтіп, біршама айыппұлды арқалатқан-ды.

– ҚР Экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін лауазымды, заңды және жеке тұлғаларға 240 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 105 615 522 теңге айыппұл салынды. Оның 225-і (100 225 297 тг) дер кезінде айыппұлын төлесе, онынан (4 957 456 теңге) сот орындаушылары айыппұлды мәжбүрлеп өндіретін болды. Жалпы сомасы 432 769 теңге көлеміндегі 5 айыппұл өндіріліп жатыр (мерзімі бар), – деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Гаухар Әбілқасымова.


Алматы облысында экологияны жақсартып, қоршаған ортаны қорғау төңірегінде кешенді жұмыс жоспары әзірленген-ді. Бас құжатқа сәйкес, облыс аумағында 2025 жылға дейін орман алқаптарын ұлғайту мақсатында 50 миллион ағаш егілмек. Қазіргі таңда өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 2,2 млн гектарды алып жатыр. Ағаштарды қызыл жалыннан қорғау үшін 9 өрт сөндіру стансасы жұмыс істеуде, онда жалпы саны  86 адам қызмет етеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар