"2025 жылдың маусымында Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 11,8%-ға жетіп, бір ай бұрынғы 11,3%-дан тағы жоғарылады. Екпіні де күшейді. Алайда сарапшылар күткендей айлық инфляция қатты бәсеңдемеді. Маусымдағы айлық инфляция 0,8%-ды (мамырда – 0,9%) құрады. Бұл инфляцияның төмендеуінен гөрі тежелгенін білдіреді", - деген Halyk Finance сарапшылары инфляция бойынша өз болжамдарын жоғарлату тұрғысында қайта қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылар қызмет түрлеріне қатысты айлық баға өсімі өздері күткендей баяулағынын айтады. Бірақ маусым айында күтпеген жерден азық-түлікке жатпайтын тауарлар қатты қымбаттады.
"Бұл фактор бізді жылдық инфляциялық болжамды жоғарлату тұрғысында қайта қарауға мәжбүр етті: мамырда сарапшылар бұл көрсеткіш 10% болады деп болжаған, енді диапазон 10-11% аралығына жылжып, шындыққа жақыны 11%-ды құрап отыр", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының аға сарапшысы Арсылан Аронов.
Маусымдағы инфляцияның ең көп өскен сегменті – азық-түлік: жылдық өсім 9,6%-дан 10,6%-ға жетті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 9,4% (мамырда – 9,0%), ақылы қызметтер – 16,1% (мамырда – 16,0%) өсті.
"Әсіресе, азық-түлік бағасының жазда да бәсеңдемеуі тосын жағдай болды (!). Әдетте, жазда бұл көрсеткіш нөлге жақындайтын", - дейді маман.
Маусымда инфляцияға ең үлкен үлес қосқан – ақылы қызметтер (4,62 пайыздық пункт), екінші орында – азық-түлік (4,39 п.п.), үшінші – азық-түлікке жатпайтын тауарлар (2,83 п.п.).
"Азық-түлік бағасының тұрақтамауына Ресейден келетін импортқа тәуелділік әсер еткен болуы керек деп ойлаймыз. Бұл елден азық-түлік тасымалы жалпы импорттың 31%-ын құрайды. Ал рубльдің нығаюы (маусымда – 6,54 теңге, қаңтарда – 5,16 теңге) ресейлік тауарлардың қымбаттауына әкеліп соғып отыр. Біз 2025 жылдың соңында рубль бағамы әлсірейді, бұл өз кезегінде инфляцияны бәсеңдетуі мүмкін деп болжаймыз", - дейді Аронов.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауына бір жолғы – коммуналдық тарифтердің ақпан–сәуір айларындағы өсуі де әсер еткен.
Қызмет секторында айлық баға өсімі денсаулық сақтау, демалыс пен білім беру салаларында баяулаған. Бірақ көлік пен қоғамдық тамақтану салаларында баға артты. Айта кетерлігі, байланыс қызметтері бойынша баға маусымда 0,5%-ға төмендеген.
"Ал теңге бағамы маусымда 514,72 болды (қаңтарда – 524,67). Ұлттық қордан бөлініп жатқан трансферттер теңгеге күш беруде. Бұл да инфляцияны тежейтін фактор. Елімізде инфляция деңгейі әлі де жоғары күйде сақталып отыр. Оның құрылымы күрделене түсуде. Азық-түлік жазда да қымбат болып, ал тауар нарығындағы баға қысымы әлсіремей тұр. Сондықтан біз жыл соңында инфляция, алдында болжағандай, 10% емес, 11% шамасында қалыптасады деп болжаймыз", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының аға сарапшысы Арсылан Аронов.
Бұған дейін маусым айында кейбір азық-түлік бағалары тағы қымбаттағанын жазғанбыз.