[caption id="attachment_11073" align="alignright" width="200"] "Айғай және кек"[/caption]
Бір кездері шығармалары сыншылардың азғантай тобына ғана түсінікті болған Уильям Фолкнердің кітаптарына деген сұраныс бүгінгі күні жаман емес. Ол 1949 жылы «Бүгінгі заманғы американдық романның дамуына айтарлықтай және көркемдік көзқарас тұрғысынан бірегей үлес қосқаны үшін» Нобель сыйлығын алды.
Бастапқыда жазушы Стокгольмге барып, сыйлықты алудан бас тартып, қызы әкесіне жалынып, оны әзер көндірді. АҚШ Президенті Нобель сыйлығы лауреаттарының құрметіне үлкен дастарқан жайып, Фолкнерді де шақырады. Бірақ жазушы «танымайтын адамдармен кездесіп, түскі ас ішу үшін ұзақ жол жүретіндей мен соншалықты жас емеспін» деп оған бармай қояды.
«Barnes!&Nobile» жүйесі бойынша Фолкнердің ең көп сатылған кітабы «Мен өлген уақытта» романы. Өзінің ең сәтті шыққан дүниесі санаған «Айғай мен ашу» туындысының ұзақ жылдар бойы сатылымы аса мәз болған жоқ. Жарық көргеннен кейінгі он алты жылдың ішінде романның үш мың данасы ғана сатылды. Алайда жазушыға Нобель сыйлығы берілген жылдары «Айғай мен ашу» американдық әдебиеттің классикасы болып саналды.
2012 жылы The Folio Society баспасы «Айғай мен ашу» романындағы мәтіндерді автордың өтінішімен 14 түрлі түспен басып шығарды (оқырманға түрлі уақыт кеңістігін көрсету үшін). Баспа бұл туындыны өте санаулы 1480 данамен шығарып, бір кітапты 375 доллардан сатты.
«Айғай мен ашу»
1949 жылы Нобель сыйлығын табыс ету рәсімінде Фолкнердің сөйлеген сөзі әлемге әйгілі қаламгердің шығармашылық құпиясын ашудың кілті болып табылады. «Мен адамның бәріне төзетініне ғана емес, түбінде бәрін жеңіп шығатынына кәміл сенемін. Ол ерекше жаратылған тіршілік иесі болғандықтан ғана емес, рақымшылық жасап, құрбандыққа бара алатын, төзе білетін жаны болғандықтан мәңгі өмір сүреді». Кейіннен ұлы жазушының оқырмандары «Айғай мен ашу» романында сіз осы ойды айтқыңыз келді ме?» деген сауал қойғанда ол: «Иә, бұл менің барлық кітаптарымда айтқым келгенмен, жеткізе алмай жүрген ойым», - деп жауап берген болатын.
Cуреткер Фолкнердің қолтаңбасы «Сарторис» романында айқындалып, «Айғай мен ашуда» шыңдала түсті. Бір ғана, оның өзінде тек жазушы қиялында өмір сүріп жатқан аймақты әңгіме арқауына өзек ете отырып ол бұрын-соңды ешбір қаламгердің назарына шалынбаған мәселелерді көтеріп, адамзат баласын толғандырып тастады. Өмірінің соңында жүріп өткен жазушылық жолын қорытындылаған Фолкнер «Мен қаламгерлік қиялымда туған дүниелер – әлемдік кеңістіктің іргетасы болып табылады, ол тас қаншалықты кішкентай болса да, оны алып тастасаң әлемнің тас-талқаны шығады деп ойлайтынмын» деп толғаныпты.
«Айғай мен ашу» шын мәнісінде «Сарторис» романының заңды жалғасы іспеттес туынды, бұл шығармада патриархалдық дәстүрдің баянсыздығы, қоғамдық қарым-қатынастардың күйреуі мен азғындауы тақырыбы одан әрі дами түседі. Әйтсе де бұл шығармада романтикалық сарын жоқ. Салқын сезіммен жазылған. Фолкнер әлемнің күйреуін адамның құлдықты мойындай бастауымен байланыстырады. Өте күрделі стильмен жазылған шығарманың төңірегінде басталған дау әлі күнге дейін толастамай келеді. Өйткені Фолкнердің романы бұрын соңды әлем әдебиетінде жазылған туындылардың ешқайсысына ұқсамайды және қайталамайды.
Міне сондықтан да Фолкнердің ең негізгі шығармасы болып табылатын «Айғай мен ашу» романы жарық көре салысымен бірден мойындалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы оған ешкім назар аудармай «Ғибадатхана» романы жарық көргеннен кейін ғана көпшіліктің көзіне түсті. Абсурдтық әдебиеттің жарқын үлгісі болып табылатын романды сыншылар жазу техникасының сонылығы үшін жоғары бағалады. «Айғай мен ашуда» Фолкнер ішкі түйсікпен орыс жазушысы Достоевский көтерген әлемнің күйреуі, келешектің баянсыздығы тақырыбын одан әрі қазып, «адамдық қадыр-қасиеті тапталған» бейшара жандардың жанына үңіледі.
Сыншылар ұзақ уақыт Фолкнер шығармашылығын танудың кілтін таба алмады. Расында да ол оңай емес – жазушы шығармашылығы күрделі, онда әртүрлі стиль араласып кеткен, баяндау мәнерінің ағысы біресе қатты екпіндеп, енді бірде Йокнапатофа аймағы тұрғындарының өмірінің дерегін тәптіштеп тоқтап қалғандай әсер қалдырады.
«Айғай мен ашудағы» сана ағысы екпінінің құдіреті мен күштілігі миыңды жарып жібере жаздайды. Шығарманы оқи отырып басқа бір адамның миына кіріп кетіп, көзсіз құмарлықтың сырын түсінгендей боласың.
Төрт бөлімнен тұратын романды оқу барысында төрт түрлі сананың ағысымен өмір сүресің. Төрт түрлі сана ағысының ортасынан бір ақсүйектік әулеттің күйреуін көресің. Қатыгездік, зұлымдық, іштарлық. Зұлымдық жасау үшін аса көп ақылдың қажеті жоқ.
Түрлі адамдар, Түрлі тағдырлар. Быт-шыты шығып күйреген отбасы. Түсінбеушілік пен қиындық, Көңілсіз сүгірет. Адам эгоизмі апаратын жолдың сүрлеуі осы. Фолкнер жүрек қалауы туғызған шығармасы арқылы адамды сүюге шақырады...
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы, "Facbook"-тегі парақшасынан алынды