Өз өңірінде орныққан жастар: «Жайық жастары» бағдарламасы баспаналы болуға жол ашты

Ақтоты Жапатова 14 қаз. 2025 14:39

Батыс Қазақстан облысында «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы жалғасатын болды. Аймақтық бағдарлама бұған дейін 106 жас тұрғынның баспаналы болуына көмектесті.  Осы бағдарламаның арқасында әлеуметтік маңызы бар мамандықтардың иелері – медицина, мәдениет, спорт  саласының қызметкерлері, мұғалімдер, коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшылары, құқық қорғаушылар, құтқарушылар, журналистер пәтер иелері атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz 

– Бағдарлама – жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында тиімді шарттармен жүзеге асырылатын бірден-бір өңірлік жоба. Сондықтан осы бағдарламаны одан әрі жалғастыру қажет екендігіне көзіміз жетті. 2024 жылы «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 40 жасты баспанамен қамту жоспарланып, іс жүзінде 41 жас баспаналы болды. Биыл наурыз айында бағдарлама жалғасын тауып, электронды сайт арқылы өтінімдер қабылданды. Қазіргі кезге дейін 70-ке жуық жас баспаналы болды.  Осы бағыттағы игі жұмыстарды жалғастыру мақсатында   бағдарламаның биылғы екінші легін бастағалы отырмыз. Бұл мақсатқа   1 323 млн теңге бөлінді, – деді БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев.

Өңірде «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның талаптары мен шарттары, сондай-ақ өтінім қабылдауға арналған арнайы сайт – qr.gov.kz арқылы қолжетімді. Қазіргі ережеге сәйкес, тұрғын үйдің ең жоғары құны 18 млн теңге, несиенің мерзімі – 19 жылға дейін, пайыздық мөлшерлеме – 5%(жылдық шығыны 5,2%-дан 5,7%-ға дейін). Ал бастапқы жарна – 10%,яғни бағдарламаға өтінім беру үшін «Отбасы банк» шотыңызда кемінде 1 800 000 теңге болуы тиіс. Бұл сома қатысушыға 1 ұпай ретінде есептеледі.

Бағдарламаға ҚР азаматтығы бар, 21–35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Егер ерлі-зайыпты болса, олардың біреуі ғана өтінім бере алады. Сонымен қатар, соңғы бір жыл ішінде БҚО аумағында тұрақты тіркеуде болуы, әрі кемінде бір жыл көлемінде зейнетақы аударымдары жасалуы қажет. Соңғы 5 жыл ішінде қатысушының және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы шарт.

Бағдарлама аясында тұрғын үйді бірінші немесе екінші нарықтан сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Бағдарлама бойынша құжаттар қабылдау 20-31 қазанаралығында басталады. Қай кезеңде және қай мекенжай бойынша   бағдарламаға қатысуға өтініштер қабылданатыны туралы жергілікті әкімдік қосымша хабарлайды.  Ең алдымен өтінім тапсыру үшін электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) керек болады. Өтінім беру qr.gov.kzсайтына тіркелу арқылы жүзеге асады.

Өткен жылы «Жайық жастары» бағдарламасына қатысып, Орал  қаласынан үш бөлмелі пәтер алдық. Өзім №5 мектепте он жылдан бері мұғалім болып қызмет етемін. Басқа банктерге қарағанда «Отбасы банк» несиесі тиімді.  Аталған бағдарлама бойынша 5%-бен 19 жылға несие алдым. Екінші нарықтағы пәтерді 17 млн теңгеге алдым. Қазір ай сайын 117 мың теңге төлеймін. Жұбайым екеумізүш баламен пәтер жалдап тұрдық. Енді пәтерақы емес, өз баспанамыз үшін төлейміз. Басында депозит жинауға деген сенімсіздік болды. Аз-маз депозитімді шешіп алып, жеке компаниядан үй алмақшы болдық. Қымбатқа шығатын болды да, жинағымды қайтадан осы банкке депозитке салып, екі жыл бойы тұрақты ақша салып тұрдым. Біз секілді қарапайым отбасыларға «Отбасы банк» ең тиімді банк дегім келеді, – деп Орал қаласының тұрғыны, 33 жастағы Торғын Иманбаева ризашылығын білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар