Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант-тестке белсенді түрде қатысуда, деп хабарлайды Dalanews.kz
Аталған шара азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және алаяқтық схемалардан қорғану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің бастамасымен, «Халық Банк» АҚ және «Қарызсыз қоғам» қоғамдық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілуде.
Диктанттың мақсаты – азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алу, сондай-ақ олардың қаржылық қауіпсіздік қағидаттары туралы хабардарлығын арттыру. Қатысушылар өз білімдерін тексеріп қана қоймай, диктанттан өткендігі туралы сертификат алуға мүмкіндік алады.
2025 жылғы 14 қазан жағдайы бойынша диктантқа Алматы қаласының 6 мыңнан астам тұрғыны, соның ішінде жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Осындай іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға және жастар арасында жауапты қаржылық мінез-құлықты қалыптастыруға ықпал етеді.