Қазақ боксы қазақша сөйлеп тәнті етті

Dalanews 20 мау. 2015 01:09 731

Бүгін елорда төрінде WSB жобасының финалдық жекпе-жектері өтеді. Бесінші маусымның чемпионы атану құқығын «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» сарапқа салады. Осыған орай, кеше Астанадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында екі күнге созылатын финалдық жекпе-жектерге арналған баспасөз жиыны өтті. Әрі негізінен ана тілімізде өтті.

11222354_935483179845251_6340857861426174294_nҚазақ «жақсының жақсылығын айт, мерейі тасысын» дейді. Сондықтан шетелдік қонақтар көп жиналған осы жиынды негізінен қазақ тілінде өткізген ұлтжанды азаматтарымыз бен аруларымыздың айрықша атап өткім келеді.

Осы жиынды бастан-аяқ жүргізген, Қазақстан бокс федерациясының Халықаралық байланыс жөніндегі үйлестірушісі Динара Болатбекқызы AIBA ұйымдастырып жүрген WSB жобасының басшылары мен өкілдерінің сөздерін тікелей қазақ тіліне аударып отырды. Басқа тілмен «шұбарлаған» жоқ десек те болады.

Сондай-ақ Куба федерациясының президенті мен «Cuba Domadores» клубының бас бапкері сөз сөйлегенде де, қазақ тіліне ілесе аударып отырды. «Астана арландары» клубының бас директоры Серік Сәпиев те тырысып, жұмысы басынан асып жатса да, қазақшасын түзеп келеді. Өз сөзін ана тілінде бастап, осындай алқалы жиындарда да қазақ тілінде қысылмай сөйлеуге көңіл бөліп жүргендігін көрсетті.

[caption id="attachment_11079" align="alignleft" width="278"]11427235_935457359847833_1738677372501273285_n Серік Сәпиев[/caption]

Тіпті отандық телеарналарға да өз пікірін қазақ тілінде жеткізетін болып жүр. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен «Астана арландары» клубының бас бапкері Марат Жақиевтің әу бастан тек қазақ тілінде сөйлейтіндіктерін білесіздер. Сан рет байқадық, баспасөз жиынына қатысып отырған БАҚ өкілдерінің тоқсан пайызы орыс тілді журналистер болса да, Айтжанов пен Жақиевтің қазақшасын бәрі де түсінеді...

Тіпті баспасөз жиыны барысында кезек тиген Кубаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі де өз сөзін қазақша «рахмет» деп бастап, финалдық жекпе-жектерді ұйымдастырушылар мен қазақстандықтарға «рахметін» жаудырып аяқтады. Сөйтіп, екі күнгі былғары қолғап шеберлерінің шиеленісті «шайқастарына» арналған баспасөз жиыны негізінен мемлекеттік тілде өтті. Енді қазақ боксшылары міндетті түрде жеңетін шығар...

Нұрғазы САСАЕВ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар