Депутат Асхат Аймағамбетов міндетті медициналық тексеруден өтуге кететін уақытты жұмыс уақытына енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, шахтерлер, жүргізушілер және өндіріс жұмысшылары секілді қызметкерлер күн сайын ауысым алдында міндетті тексеруден өтеді. Алайда бұл үдеріс кей жерде бірнеше минутқа ғана созылса, енді бір кәсіпорындарда адамдар 50–60 минутқа дейін кезекте тұруға мәжбүр.
"Көп жағдайда бұл уақыт жұмыс уақытына кірмейді және төленбейді. Себебі заңдағы талап нақты айқындалмаған. Яғни адам жұмысқа ертерек келіп, міндетті тексеруден өтеді, бірақ бұл уақыт барлық жерде бірдей есепке алынбайды", – деді Аймағамбетов.
Депутат халықаралық тәжірибеде мұндай тексерулерге кеткен уақыт жұмыс уақыты ретінде есептеліп, міндетті түрде төленетінін атап өтті.
"Сондықтан біз осы олқылықты жою үшін нақты түзетулер дайындадық. Есептеу тәртібі де, төлеу мәселесі де заң деңгейінде айқындалып, ұжымдық келісімде реттелуі тиіс. Бұл – қарапайым еңбек адамының уақыты мен еңбегіне деген құрмет", – деді ол.
