Ермұрат Бапи ойын бизнесіне қатысты депутаттық сауалына түсініктеме берді

Ақтоты Жапатова 14 қаз. 2025 16:36

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұған дейін ойын бизнесі саласына байланысты мемлекеттік органдарға жолдаған депутаттық сауалына қатысты түсініктеме жариялады. Бұл туралы халық қалаулысы өзінің ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz 

Депутаттың айтуынша, оның сауалына байланысты кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар жариялаған орыс тіліндегі материалдарда нақты деректер бұрмаланып кеткен. Сол себепті Ермұрат Бапи ресми түсініктемесін екі тілде — қазақ және орыс тілдерінде беруді жөн көрген.

«Ресми құжат үлгісіндегі сауалды баспасөзде мазмұндау кезінде ұқыптылық қажет. Себебі бұрмаланған дерек қоғамда қате пікір қалыптастыруы мүмкін», — деді депутат.

Ермұрат Бапидің айтуынша, қосымша зерттеу мен уәкілетті органдармен жүргізілген консультациялар нәтижесінде Бірыңғай есеп жүйесіне (БЕЖ) қатысты бұған дейін таратылған кейбір ақпараттар нақтылануды қажет ететіні анықталған.

Ресми дерек бойынша, жобаның пилоттық кезеңі 2024 жылғы 15 тамызда іске қосылған. Жүйе жасанды интеллект арқылы күніне 800-ге жуық заңсыз интернет-сайттарды автоматты түрде бұғаттай алады. Бұған дейін мұндай жұмыстарды мемлекеттік органдар қолмен жүргізіп, ол алты айға дейін созылатын.

Бапидің мәліметінше, БЕЖ жобасының негізгі мақсаты — қазақстандық ойын бизнесі саласында ашық әрі сенімді цифрлық орта қалыптастыру, заңсыз онлайн-казино мен букмекерлік сайттарды анықтап, бұғаттау.

Жүйенің мемлекеттік операторы – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Оператор ЕСУ» ЖШС, ол 100% мемлекет меншігіндегі ұйым болып табылады. Барлық серверлер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ инфрақұрылымында орналасқан, сондықтан деректердің сыртқа таралу қаупі жоқ.

Сонымен қатар депутат алдағы уақытта заңнамалық түзетулер енгізілетінін атап өтті. Жаңа нормаға сәйкес, букмекерлік компаниялар айналымының 3%-ын әлеуметтік және спорттық жобаларды қолдауға бағыттайтын болады:

  • 1% — «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына;

  • 1% — спортты дамытуға арналған «SportQory» қорына;

  • 1% — Ұлттық олимпиада комитеті жанындағы қорға аударылады.

Ермұрат Бапи мұндай шаралар халықаралық тәжірибеге негізделгенін және саланың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналымды азайтуға бағытталғанын атап өтті.

«Мен уәкілетті органдармен бірге жүйенің іске асуын әрі қарай да бақылап, азаматтарды оның нәтижелері туралы хабардар етіп отырамын», — деді Мәжіліс депутаты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар