Алматыда "Дикий Арманның" ісі қайтадан қаралып жатыр

Көркем Алдабергенова 14 қаз. 2025 14:48

14 қазан күні Алматы қаласында Қаңтар оқиғасына қатысты іс бойынша апелляциялық шағымдарды қарау басталды. Бұған дейін осы іс бойынша атышулы «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еске салайық, 2025 жылдың 7 қаңтарында сот Қаңтар оқиғасына қатысы бар 44 айыпталушыға үкім шығарған болатын. Олардың арасында Арман Жұмагелдиев, Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген және ҰҚК-нің 5-департаментінің экс-басшысы Руслан Ысқақов бар.

Сот үкіміне сәйкес, Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және 24 адамды заңсыз бостандығынан айырғаны үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға сотталды. Қайрат Құдайбергенге – 8 жыл, ал Руслан Искаковқа – 15 жыл 6 ай түрме жазасы және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Сонымен қатар «Дикий Арманның» тобына қатысы бар деп танылған 13 адам 10 жылдан 15 жыл 6 айға дейін сотталды. Ал топпен байланысы дәлелденбеген өзге айыпталушыларға 1,5 жылдан 7 жылға дейінгі жаза тағайындалды. Олардың кейбірі тергеу изоляторында және үй қамауында өткізген уақытын есепке ала отырып, сот залынан босатылған.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Tengrinews.kz-ке берген мәліметінде, 14 қазанда сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қарау басталғанын хабарлады. Тыңдаулар жабық түрде өтіп жатыр оған БАҚ өкілдері мен тыңдаушылар кіргізілмейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар