Бизнес өкілдерінің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына деген қарсылығы туралы ақпараттар әр жерден айтыла бастады. Бұл ұйымның өз уақытында қажет болғаны рас, бірақ кәсіпкерлердің мәселесін шешу мақсатындағы миссиясын аяқталып келеді,бұл ұйымнан қайыр жоқ, деген сөздер көбейді. Бизнесмендердің құқығын да, мүддесін де қорғамайтын болды. Ендеше қыруар жарнаны төлеудің не қажеті бар, деп мәлімдегендер де баршылық. Бұл туралы DALA INSIDE кеше жазған болатын. Ал соңғы жылдары «Атамекенде» қызмет етіп, қазір өзге ұйымдарға кетіп жатқан мамандардың үлкен армиясы қалыптасты. Әсіресе, өздерін «кәсіпкерлер партиясы» деп жүрген Respublica қоғамдық бірлестігінде қазір экс-атамекендіктердің үлкен шоғыры қалыптасқан.
Палатадан партияға жөңкіле көшу науқаны бір жыл бұрын басталыпты. Себебі партияның орталық аппаратында елеулі өзгерістер болып, басшылық құрамы ауысқан еді. Жаңа келген аппарат құрамын кәсіпкерлермен жұмыс істей алатындар және олардан партия жанынан құрылған корпоративтік қорға қаржы тартатын адамдармен жасақтау міндетін қойған дейді сенімді дереккөз.

Сөйтіп 2024 жылдың қарашасында Әшметовтің партияға келуі атамекендіктердің Respublica-ға жаппай ауысуына жолын ашты. Кәсіпкерлер палатасынан кәсіпкерлер партиясына топырлап келгендерге әлбетте түрлі уәде берілген сияқты. Соның бірі – саяси карьера болуы мүмкін. Жергілікті көп деңгейлі Мәслихаттарға, Парламентке тіпті сайланбалы жолмен өтетін ауылдық, аудандық әкімдіктерге жол ашылатын жалғыз жол - партияға келу деп сендірген. Тағайындау кезінде өңірлердегі филиалдардың жаңа басшыларына "өзің қожа, өзің бисің" деуді де ұмытпапты. Ең басты талап өз-өзін қаржыландыру, орталық аппаратқа қол жаймасаңдар болды дегенді де ескерткен сыңайлы.


Жаңа жылдан кейін де партияның филиалдарында кадрлық ауыс-түйіс жалғасқан. Атамекеннің құрдымға кететінін сезгендер әлі де партияға ауысуын тоқтатпады.
Шығыс Қазақстан облыстық филиалына 64 жастағы Әлия Мұқашева барды. Өңірдегі кәсіпкерлер палатасында еңбек еткен, Өскемендегі ықпалды бизнесменнің жұбайы да бұрын партияда да, мемлекеттік қызметте де істеп көрмеген еді.

Ел Наурыз мерекесін тойлауға көшкенде парияның орталық аппаратындағы қос функционері батысқа бет алды. Ақтөбеде оларды Атамекеннің облыстағы басшысы Дана Бекбауова күтіп отырған. Жылы орнын, ондаған адамы бар жұмысын тастап бір-ғана маманы бар филиалға басшылыққа ол да жайғасты.
Палатадан партияға бетбұрған «ұлы көш» мұнымен тоқтамады. Өңірдегі өкілдікке еңбек ету үшін қатардағы қарапайым мамандар да келіп жатты. Әлібек Әшметов өз қоластында жұмыс істеген қыз-жігіттерді партия филиалдары мен орталық аппаратқа әлі де әкеліп жатыр. Жақында ең ірі Алматы филилын басқаруға бизнесвумен Шолпан Әбдіхалықова тағайындалған. Ал оның жанына маман болып Атамекенде істеген Әшіметовтің көмекшісі Абзал деген жас жігіт жұмысқа орналасты.

Ал Respublica қоғамдық бірлестігінің орталық аппаратында БАҚ-пен байланысқа жауапты қызметкерге партия туралы, оның бюджеттен қанша қаражат алатыны, мүше саны туралы сұрау салғанбыз. Әзірге жауап болмады.