Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қаласының Білім басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» бірлесіп, №103 орта мектепте «Біртұтас тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі» тақырыбында республикалық семинардың қорытынды пленарлық отырысын өткізді.
Мектепте ұйымдастырылған «SMART BALA» көрмесінде елордалық оқушылардың жаңа заман технологияларын пайдалана отырып, табиғатты қорғау, тұрмысты жеңілдету, зердені дамыту сияқты көптеген озық өнертабыстары көпшілікке таныстырылды.
Аталған шара бір күн бұрын Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимнзиясында республикалық семинар ретінде басталған болатын.
Семинардың мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын енгізу арқылы тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау, құндылықтарды оқыту және тәрбие процесіне кіріктіру бойынша үздік тәжірибелерді тарату.
Семинар жұмысы аясында педагогикалық хакатон, «Ұлттық қасиеттер мен қоғамдық өркениет үйлесімі», «Құндылықпен бірге: қиындық, көзқарас, өзгеріс», «Оқушылардың жан-жақты дамуы: тәрбие мен білімнің үйлесімділігі», «Құндылықтарды оқыту процесіне кіріктіру: тәжірибе және тәсілдер», «Ата-ана және бала: үйлесімді қарым-қатынасқа қол жеткізу жолдары», «Тәрбие мен оқытуда құндылықтар жүйесін қалыптастырудың үздік тәжірибелері» тақырыптарында тәжірибелік алаңдар жұмысы ұйымдастырылған. Сондай-ақ аймақтардан келген ұстаздар, №8,87,37,90,91, 76 білім беру ұйымдарының тәжірибелерін көріп, өзара пікір алмасқан.
Келелі кеңеске ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әдістемелік орталықтары басшыларының орынбасарлары, әдіскерлері, мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары және елордалық педагогтер қатысты.
«TARBIE TALKS» пленарлық сессиясын Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев кіріспе сөз сөйлеп ашып, елордалық білім беру ұйымдарында жүзеге асып – жатқан «Біртұтас тәрбие» жұмыстарына назар аударып, алдағы уақытта атқарылатын шараларды ортақ тәжірибе алмасу арқылы айқындаудың маңыздылығына тоқталды.
Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Бимендина Асима Темкенқызы бала тәрбиесіне екпін берсе, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Тәңірбергенова Анар Шынболатқызы Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы құндылықтарды сабақ мазмұнына енгізу тәсілдеріне нақты мысалдар келтірді. 14 ақпан кітап сыйлау күні мерекесіне орай «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруда жетістіктерге жетіп жүрген өңірден келген ұстаздарға кітап тарту етті.
«Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қоры, тәрбие бөлімінің бас маманы Елубаева Алтынкүл «Құндылыққа негізделген білім беру», №93 мектеп-лицейі сынып жетекшісі Ырыскелді Бақытжан «Құндылықтарға бай, заманауи сынып жетекші келбеті», Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы, физика пәні мұғалімі Дауыл Кеңес «Абай әлеміндегі физика немесе құндылықтарды пәнге қалай кіріктіреміз?», №37 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Сэрээтэр Гульбахыт «Математика-құндылықтың қайнар көзі», №8 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Тасболат Аяжан Сабитқызы «Тығылма қойыны әлемді өзгертеді десем сенесіздер ме?» тақырыптарында қызықты тәжірибелерімен бөлісті.
№81«Astana English School» халықаралық мектебі мұғалімі Нұркен Елдос Ерланұлы «Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай оятамыз?» деп ой толғап, өзінің шәкірті, жас қаламгер 10-сынып оқушысы Аманжол Айзере Талғатқызына кезек берді. Айзере жастардың кітап оқуға ынталандыру жолын, өз тәжірибесімен байланыстырып, қызықты етіп әңгімелеп берді. Ағылшын тілін жетік білетінін де көпшілікке паш етті.
Шараның қорытындысында жарыс сөзге шыққан педагогтер бала тәрбиесі қоғамның ең қозғаушы екендігіне, бала қаншалықты білімді болғанмен, адамгершілік, мейірімділік, еңбек адамынына құрмет, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сияқты қасиеттерді меңгермесе, ұлттық дәстүр мен ана тілін жастайынан біліп өспесе ел дамуына қандай үлес қоспақ? деген сауалдар төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
«Оқушыларға білім мен қатар тағылымды тәрбие беру беру өте маңызды. Жасанды интеллекті дәуірінде адамды өзгелерден ерекшелеп тұратын оның жылы жүрегі мен адамгершілік қасиеті болуы керек. Екі күнге созылған шараға әр өңірден 60 шақты қатысушы келіп отыр. Оларға «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асырудағы елорда мектептеріндегі озық тәжірибелерімізді көрсетіп жатырмыз», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дауешова.
Білім беру ұйымдары балалардың бойына адами қасиеттерді дамытатын орта болғандықтан, осы бағыттағы барлық игі шараларды үнемі тәжірибе арқылы жетілдіріп отырса, ұстаздардың да мәртебесі биіктей береді деп ой бөлісті. Өңірлерден келген қатысушылар елорда мектептеріндегі құндылыққа негізделген білім беру тәжірибесінің жүйелі жүзеге асып жатқандығына назар аударып, «оқушылар бойына тәрбие құндылықтарын дарытудың көптеген жаңашыл тәсілдерін өз тәжірибемізге енгіземіз, тәжірибе алмасу семинарынан үйренгеніміз көп болды» деп ақжарма пікірлерін білдірді.
Ерғазы МАНАПҰЛЫ