Қазақстанда "шетелдік агент" - иноагент ұғымын енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы мәжіліс депутаты «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.
"Өткен пленарлық отырыста біздің фракция депутаттары еліміздегі USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Аталған сауал қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіргендей болды. Тұрғындарымыздың реакциясын қысқаша былай сипаттауға болады – отандастарымыз шет мемлекеттердің бөтен құндылықтарды таңуды, біздің қоғамды есеңгірететін әрі жастарымыздың санасын бұзатын дүниелерді сырттан әкелуге қарсы. Қазақстандықтар біреудің сыртқы «ойындарына» кепіл болғысы келмейді", делінген депутаттық сауалда.
Жуырда бұл тақырып тағы жалғасын тапты. АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» медиасын жабуды ұсынды. Оны Илон Маск бірден қолдады. Ол бұл БАҚ-тарды ешкімге қызықсыз, «радикалды солшыл ақылсыздыққа толы, өз-өздерімен ғана тілдесіп, жылына миллиард доллар жоқ қылатын» ұйымдар деп сипаттап отыр.
"USAID мәселесіндегі сияқты, мұнда да өздері – яғни америкалықтардың өзі қаржыландырып отырған мемлекеттік медианың деструктивті сипатын мойындауда. Олар оны «өткен дәуірдің қалдығы» деп атап, «соғыстан кейінгі кезеңнің идеологиялық күресі үшін құрылған құрал» ретінде бағалайды. Кез келген адам «Азаттықтың» (RFE/RL) сайтына кірсе, мұны анық көре алады. Жаңа мектептердің құрылысы, жол, түрлі реформалар немесе қазақстандықтардың қол жеткізген жетістіктеріне қатысты ешқандай ақпарат жоқ, тек сын мен негативті өршіту көрініп тұрады.
Жалпы, қазіргі уақытта Қазақстанда шетелден қаржы алатын шамамен 200-ден астам үкіметтік емес ұйым бар, олардың 70 пайызы АҚШ-тан түрлі жолдар арқылы қаржыландырылған. Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 165 түрлі донор грант бөлумен айналысады. Соның ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік құрылымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ. Бұған қоса, елімізде тіркелмеген басқа да шетелдік құрылымдар мен елшіліктер отандық ҮЕҰ-ларға қаржылай, материалдық-техникалық көмек көрсетеді", дейді мәжілі депутаты Ирина Смирнова.
Олар негізінен БАҚ пен сөз бостандығы саласындағы жобаларды, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералды реформаларды ілгерілету, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті күшейту шараларын қолдап отыр.
Бұл жерде кімнің бізге расымен достық ниетпен қарайтынын, ал кімнен сақ болу керектігін – кәсіби мамандардың өзі де әрдайым анықтай алмауы мүмкін. Мұның өзі бүкіл қоғамымыз үшін проблема әрі сын-қатер болып отыр.
"Жылдар бойы елімізде еркін әрекет етіп келген шетелдік қорларға байланысты біз әлдеқашан «не жақсы, не ештеңе айтпаймыз» дейтін «марқұмға» қарағандай көзқараспен қарап келеміз. Себебі оларға сенген, соған иланушылар жылдар бойы көбейді. Шетелдік қорлардың елімізге пайдасы мен зияны қаншалықты – бұл сұрақ әлі де жауапты талап етеді. Әсіресе, геосаяси жағдай күрделеніп, әлемдік күш орталықтары орын алмастырып, халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ішкі қайшылықтар күшейіп жатқанда бұл тіпті өзекті болуда.
Егер елімізде өзін жайлы сезініп жүрген шетелдік ҮЕҰ шын мәнінде өз «ойындарын» жүргізіп жатса, олардың ықпалы бізге теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін. Ондаған жылдар бойы «сұр аймақта» жұмыс істеген бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін қайта қарап, саяси мүдделерді «медиалық қолдау», «құқық қорғау» немесе толеранттылықты күшейту сылтауымен жасырып отырған шетелдік донорлармен «ойын ережелерін» қайта жазатын кез жетті", дейді депутат.
Ол әлемде мұндай мәселелерге тап болған мемлекеттер «шетелдік агент» заңдарын қабылдау арқылы қарсы тұрып келеді дейді.
"Мысалы, осындай заңдар Израильде – 2016 жылдан, Қытайда – 2017 жылдан, Австралияда – 2018 жылдан, Ұлыбританияда – 2023 жылдан, Францияда – 2024 жылдан бері күшінде. Шетелдік субъектілердің мүддесі үшін әрекет ететін тұлғаларға қатысты үлгілі заңдардың бірі – АҚШ-тың «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңы, ол 1938 жылы қабылданған. Заң саяси белсенділік, ақпараттық қызмет, саяси консультация, қаржы жинау және тарату, шетелдік тапсырыс берушінің мүдделерін кез келген ведомство, мемлекеттік қызметшілер немесе Конгресс мүшелері алдында ұсыну сияқты салаларды қамтиды.
Сарапшылар АҚШ-та осы заң нормаларын жүзеге асыруда бай тәжірибе жинақталғанын айтады. Мысалы, қаржыландырудың ашықтығы, саяси және коммерциялық ықпалды айқын ажырату, лоббистер мен ықпал ету агенттерін қызметі басталғанға дейін мемлекеттік тіркеуге алу, ақпаратты (соның ішінде материалдарды белгілеу) міндетті түрде жариялау және тіркелген агенттер базасын жүргізу, заңды бұзғандарға жауапкершілік қарастыру сияқты шаралар бар", дейді депутат.
Ол Қазақстан да осы тәжірибені қолдауы керегін айтты.
"Қазақстан да осы тәжірибені қолдап, ақпараттың түпкі көзін түсінуге мүмкіндік беретін, кез келген құрылымды нақты жіктейтін ұлттық заңнаманы жасауы қажет деп санаймыз. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік енгізген жөн.
Мұндай тәсіл ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, әрі дені сау азаматтық қоғамның дамуына кедергі жасамайды. Ортақ мақсатымыз – егемендігімізді күшейту. Бізге жат құндылықтарды таңуды «толеранттылық» деп, ал пропаганданы «тәуелсіз журналистика» деп көрсетуге жол бермейміз", дейді Смирнова.