Ресейдің Путинге жұмыс істейтін пропаганда құралдары, соның ішінде Телеграм арналар «алдағы жылдары Қырғызстанның сыртқы саясатында өте-мөте күрделі өзгерістер болуы мүмкін» деп долбарлауда.
Кремльдің пропагандашылары бір қудалаудың боларын күні бұрын сезіп, Түркияға тұра қашқан экс-прездиент Жиенбековтің әрекетінен астар іздеуде. Сауранбай ол жақта жай жатпайды дейді.
«Қол қусырып қарап отырмайды. Жапаровта кеткен кегі бар. Іргесінде отырып ірі сөйлей алмады. Алыста отырып айғай-аттанға басатын сынды. Көкірегінде қыстыққан ашу-ызаны ағыл-тегіл ақтармаса, ауруға шалдығады.
Қазіргі президенттің Қытайдың сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүргенін Ердоғанға айтып барады», – дейді Мәскеуден басқарылатын орыстілді «Салам, Қырғызстан» Telegram арнасының авторлары.
Жиенбековті былтырғы жылдың қазан айында парламент сайлауының әділетсіз өткеніне күйінген ел тақтан тайдырған. Оның Түркия асқанын сан-саққа жүгіртіп, өтірік-шыны аралас қауесет таратып жатқандар көп.
Экс-президенттің баспасөз-хатшысы: «Жиенбеков елден кеткен жоқ. Кіші қажылық сапарға аттанды. Парызын өтеп кері қайтады», – дейді. Соған қарағанда экс-президент Стамбұлға уақытша аялдаған секілді.
Алайда негізгі нұсқаушылары Мәскеуде отырған Telegram арналар бұл мәліметке күмәнмен қарайды. Мұсылманның бес парызын өтеу үшін Түркияға тоқтап, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен Жиенбековтің Қырғызстанға қайтып оралмасына сенімді.
«Ол ма, ол отбасымен бірге Түркияға бас сауғалап кетті. Кіші қажылық жайлы мәлімдемесі тіпті қисынсыз. Қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып барамын деп тура айтуы керек еді. Ол Қырғызстанға қайтып оралса, сол сәтті абақтыға қамалады», – дейді мақала авторлары.
....
Жалпы, ресейлік сарапшылардың Жиенбековке жіті көз тігуі тектен-тегін емес. Мәскеудің Түркиядағы тыңшылары Кремльге «Жиенбеков құпия жоспар құруда» деген шұғыл мәлімет жеткізген.
Олардың долбарына сенсек Стамбұлға ұшып кеткен Жиенбеков Анкарамен арада түркі дүниесі, Түркі одағын құру туралы идеяны жан-жақты талқылайтын болады.
Ресейден таралатын «Авантюрист жазбалары» Telegram арнасының хабарлауынша, Жиенбеков Түркия президенті Ердоғанмен жүздесуді асыға күтіп отыр.
«Ердоған Жиенбековтің ықпалын жоғалта қоймағанын, сөзінің салмағы барын, саясаттағы түрлі топтар мен кландарға әлі де болса әмірі жүретінін жақсы біледі.
Ілгерідегі идеяны Жиенбековпен емен-жарқын отырып талқылайтын әрі Сауранбайға қол ұшын созу кет әрі емес Ердоған осы арқылы экс-президенттің жақтастарының қолдауына ие болады», – дейді арна авторлары.
Бұдан бұрын Dalanews.kz Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Бейжіңмен арадағы «ортақ жобалары» жайында жазған.
Сол мақаладан аз-кем үзінді:
«Қытай сойылын соғатын кандидат сайлауға түсіп жатыр…», – деді Жапаровтың оппонентінің бірі Қанат Исаев сайлауалды теледебатта.
Жапаровтың Қытай азаматтарымен қарым-қатынасы барын дәлелдейтін фактілер жетерлік. 2007 жылы Жапаров депутат болған тұста оның туған бауыры Сабыр Жапаров мемтендер ұтып алып, «Жырғалаң» шахтасының 71 процент акциясын бар болғаны 320 мың долларға сатып алады. Бұл өте арзан еді. Шамалыдан кейін Жапаровтар әлгі шахтаны Қытай инвесторына «табыстайды».
Аулы тұрғындарының айтуынша, 2012 жылы шахтада алапат өрт болған. Бірқатар БАҚ қытайлықтардың шығынды өтеу үшін Жапаровтан 7 млн доллар талап еткенін жазған. Жапаров өтемақы ретінде Орталық Азиядағы аса ірі алтын кеніші Құмторды қытайлықтарға беруге уәде береді. Құмторға иелік ететін Centerra Gold канадалық компаниядан шахтаны тартып алуға лобби жасайды.
Жапаров әлі күнге дейін Құмторды мемлекет иелігіне қайтаруға қарсы. Ал Қытай тарапы канадалық компанияға тікелей шығып, кеніштен үлес алуға тырысуда.
Сыртқы қарызды азайту үшін Жапаров Жетім-Тоо темір кенішінің бір бөлігін Қытайға беру туралы ұсыныс айтуда. Қырғыз депутаты Дастан Бекешовтің дерегінше, Қырғызстанның Бейжіңге берешегі 2,2 млрд доллардан асып жығылған.
Президентке жақын жүретін адамның бірі әзір парламент депутаты – Адыл Жунус-уулу. Қытайда туған. Жапаров оны өзінің жақын досы екенін жасырмай айтқан.
Депутат Жунус Air Kyrgyzstan ұлттық компаниясын Қытай инвесторына беруді ұсынған азамат ретінде танымал. Мемқызметке дейін ол жер қойнауын игерумен айналысты. Төрт бірдей тау-кен компаниясының тең қожайыны болады, бұлардың барлығында қытайлық кәсіпкерлермен әріптесіп жұмыс істеді.
Садыр Жапаров сайлау науқанына қажетті қаражатты қайдан тапқаны белгісіз. Оның сайлауға жұмсаған қаражаты 560 мың долларды құраған, бұл өзге 17 үміткердің бюджетінен көп. Сайлауалды үгіт-насихатқа керекті қаржыны қайдан тапқанын Жапаров жасырады. «Бұл халықтың ақшасы, зейнеткерлер пенсиясынан үзіп-жұлып берді» деген сыңайда пікір білдірген.
Оның сайлауалды компаниясын қытайлар қаржыландырғаны туралы нақты деректер бар. Атап айтқанда, Қытай азаматы басшылық ететін «Хуа-Эр» компаниясынан Жапаровтың шотына бір миллион сом аударған.
Жапаровтың жақтастарын тасыған автобустардың өзі «Шыдыр жол кей джи» деп аталатын компанияға тиесілі. Компания қожайыны Тохутибуби Оуерхалика Шыңжаң-Ұйғыр өлкесінің тумасы, осы күнге дейін Қытай азаматы болды, төлқұжатын тек 2018 жылы ауыстырған.
...
Әйтсе де Кремль таңдаудың Түркияға түскенін қаламайды. Сондықтан Стамбұлға жетіп алған Жәнібековтың не бүлдірерін күтіп, әліптің артын бағуда.
«Жиенбеков Жапаровтың Қытайдың «жобасы» екенін жиып-теріп айтады. Соның кесірінен қиыр жайлап, шет қонып жүргенін жеткізеді. Елде соңынан ерер аудитория барын дәлелдеп бағады», – дейді ресейлік сарапшы Юрий Голубь.
Оның пікірінше, мұның соңы тағы да төңкеріспен аяқталуы мүмкін. Бұл жолғы төңкеріс «түрікшіл» бағытта болады.
«Кремль қарап отырмай мұның алдын алуға тырысуы тиіс. Аймақтағы ықпалын күшейтіп, елдің ішкі-сыртқы саясатына Түркияның тұмсық тығуына жол бермеуі керек. Анкара Орта Азиядан аластап, қайтіп аяқ баспайтын қам жасау қажет», – дейді Бішкектің уыстан шығып кетеріне алаңдаған сарапшы.
Тоқ етерін Түркияның Орта Азиядағы бауырлас елдермен түрлі бағытта әріптестік орнатуға тырысуы Кремльге жақпай жүр. Путиншіл саясаткерлердің бір шоғыры Қырғызстанның Шу облысында орналасқан ресейлік әскери базаның Кремльдің саяси ықпалын сақтап қалуда аздық етерін айтып, дабыл қағуда. Арасында атышулы «Вагнер жеке әскери жасағын аймақ елдеріне астыртын кіргізу керек» деп ашық айтып жүргендер бар. Соның бірі – Юрий Голубь
«Мұндай тапсырманы вагнершілер ғана мүлтіксіз орындай алады. Ресей бұларды бірнеше елге аттандырып, тәжірибе жүзінде тексеріп көрді», – дейді сарапшы. Соған қарағанда ақпараттық шабуылдың нысанасы Қазақстаннан Қырғызстанға ойысқан-сынды.
Кремльдің Түркия қатысты күдігі күн өткен сайын күшейіп келеді. Алдымен Қазақстан, енді Қырғызстанға соқтығыса бастаған Мәскеу осы арқылы аймаққа кім еге екенін көрсеткісі келетіндей. Ердоған бұған құлақ асар ма екен?..
Әзірлеген Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ