Cоңғы жаңалықтар
Back

Бейжің қытайшыл саясаткерлерді “тәрбиелеп” жатыр – Карнеги орталығы

 Мәскеудегі Карнеги орталығы Қытайдың Орталық Азияға қатысты саясатына алаңдаулы. Орталық сарапшыларының пікірінше, Қытай аймақ элитасымен арадағы қарым-қатынастың стратегиясын өзгертуде.

«Бейжің аймақ лидерлерінен үміт үзіп, қытайшыл бағыттағы саясаткерлер мен сарапшыларды қолдауды қолға алмақ әрі олардың билік баспалдағымен жоғары өрлетуге тырысады», – дейді Карнеги орталығы. «Қала мен Дала» орталық мамандарының осы тараптағы зерттеуін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрді.

Орталық Азияның Қытайға қарсы наразылық акциялары үйреншікті дүниеге айналып кеткен. Соңғы екі жылдың өзінде аймақта «Қытай экспансиясына» қарсы 40-тан аса митингі өтті.

Ереуілге шыққандар Бейжіңге ұзақ мерзімге жерді жалға беруге қарсы әрі Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқы аяққа тапталып жатқанына наразы. Жергілікті атқамінерлерді Қытайға сатылып кетті деп айыптап жатқандар да жетерлік.

Аймақтағы билік өкілдері Қытайға қарсы акцияларды өздері «қызығын көріп отырған» жүйеге қауіп төндірмейінше көзге ілмейді. Кейде тіпті Қытайға ара түсетін кездері де болады.

Орталық Азияның лидерлері Бейжіңді ашық сынау қазіргі ахуалды одан сайын асқындыра түсеріне сенімді. Оның үстіне, аймақтағы бірқатар мемлекет экономикалық тұрғыда Қытайға тым тәуелді. Мұны білетін Бейжіңге аталған елдерді тығырыққа тірей салу түкке тұрмайды.

Бұған дәлел іздесеңіз, Қытайдың қырын қабағына ұшыраған (аймақтағы елдерді он орайтын) бай мемлекеттер Канада, Австралия және Оңтүстік Кореяны мысалға келтіруге болады.

Алайда Қытаймен араздасқысы келмейтін Орталық Азиядағы элита бұған басқа қырынан қарайды. Аймақтағы билік басындағы отырған отбасылар мен топтар үшін Бейжіңмен байланыс табыс көзі. Қытай бұл тәуелділікті өз мақсатына пайдаланып отыр.

Элита Қытайға қарсылықты ұнатпайды

Қытай Орталық Азияға тереңдеп ене түскен сайын оған қарсы наразылық акциялар да жиілей түседі. Ксенофобиялық көңіл күйді қытайлардың өзі ушықтырып отыр.

Тіпті Қазақстанның территориясына көз тігіп, «мұны Ресейдің тартуы» деген депутат Никоновтың мәлімдемесінің өзі Қазақстанда масштабты митингі өткізуге себепші бола алмайды. Аймақтағы өзге елдерде де русофобтық немесе Батыс пен АҚШ идеологиясына қарсы кемерінен асып-төгіліп жатқан қарсылық жоқ.

Ал Қытайға қатысты күдік көп. Үрей басым. Аймақтағы Ресейдің ықпалы уақыт өткен сайын әлсіреп барады. Қытай керісінше, өз ықпалын күшейту үстінде. Аймақ елдері үшін Бейжің әлі де болса бейтаныс, бөтен күш.

Соңғы үш жылда Қытайға қарсылық күшейіп келеді. Осыны анықтау мақсатында жүргізілген сараптама нәтижесінде Қырғызстан тұрғындарының 35 пайызы, Қазақстан азаматтарының 30 пайызы Қытайға кереғар қарайтыны мәлім болды.

Қытаймен шекараласпайтын Өзбекстанның өзінде Бейжіңге қарсылық үдеп тұр. Өзбектер жердің Қытайға жалға берілуіне үзілді-кесілді қарсы.

Бейжің өз репутациясына қатты алаңдайды. Осы себепті шекаралас елдерге ақшаны үйіп-төгуден тайынбайды. Дәл қазір Қытай Орталық Азия елдеріне ковидпен күресте белсенді көмектесуде. Аймақтағы Қытай дипломаттары әлемжелідегі парақшаларын үзбей жүргізіп отырады, аймақта қытайшыл БАҚ пен сарапшылар көбею үстінде.

Аймақтағы Қытайға қарсылық бұдан бөлек жемқорланған жергілікті элитаға деген ашу-ызамен астасып жатыр. Мұны қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов өз мүддесіне тиімді пайдалануда. Орталық Азияның элитасы Қытаймен арадағы қарым-қатынастың «қызығын» көріп отыр.

Президенттердің күйеубалалары

Орталық Азиядағы шенді-шекпенділер Қытаймен арада жұрт көзінен жасырын алыс-беріс, барыс-келіс орнатқан. Олардың біразы әшкереленді. 2019 жылы Kloop.kg атты қырғыз басылымы Қырғызстаннан Қытайға заңсыз жолмен 700 млн доллар алып өткен топтардың атын атап, түсін түстеді.

Махинация былайша жүзеге асқан: Қытайдан Қырғызстанға өткен тауарлар жалған құжат арқылы кірген немесе декларацияға мүлде алынбаған. Мұндай «тәжірибе» тұрақты түрде жүргізілгенін Қырғызстанның экс-экономика вице-министрі Елдар Абакиров растаған.

Бұл жобаның еш кедергісіз жүзеге асуына Қырғызстандағы Кеден қызметінің басшысының экс-орынбасары Райымбек Матрайымов жәрдемдескен. Матрайымов мемқызметтен 2017 жылы кетіп қалса да, оның достары мен жақын туыстары кеден қызметін әлі күнге дейін бақылауда ұстауда.

Қытай тарапынан аталған жұмысты бизнесмен Хабибула Абдукадыр бақылаған. Ол туралы БАҚ беттерінде аз жазылған. Зерттеу авторларына ақпарат берген анонимнің айтуынша, Абдукадыр Шыңжаң-Ұйғыр автономды округіндегі аса ықпалды кәсіпкердің бірі.

Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономды округінің тұрғындары мұқият қадағалайтынын ескерсек, Абдукадыр Бейжің билігінің рұқсатынсыз әлгіндей әрекетке бармасы белгілі.

Қытайдан келетін барымта мен сырымтаның бір бөлігі Қырғызстан арқылы Өзбекстан асып, «Абу Сахий» базарына бағытталған. Президент Ісләм Кәрімовтың тұтас импорты осы базар арқылы өтетін. Базарға Кәрімовтың күйеубаласы Тимур Тилляев иелік еткен еді.

Алайда Кәрімов дүниеден өткесін Тилляев ықпалынан айырылып, 2018 жылы базарды сатып тынады. Дәл қазір базардың кімге тиесілі екені белгісіз.

Қытайдан келетін қырғын қаражат аймақтағы ең ірі ел – Қазақстанға да таңсық емес. 2020 жылдың желтоқсанында беделді Financial Times басылымы Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың Орталық Азия – Қытай газ құбырын салу кезінде ондаған миллион долларға табыс тапқанын жазды. Аталған жобаны Қытайдан кредит алған «ҚазМұнайГаз» бен CNPC бірлесе жүзеге асырған.

Бейжіңмен байланысты коррупциялық әдіс-тәсілдер турасында есірткіге тәуелділіктен азап шеккен Назарбаевтың немересі Айсұлтан да жазған еді. Ол былтыр Лондондағы пәтерінде өлі күйінде табылды.

Тәжікстан президенті Имамәлі Рахмонның күйеубаласы Шамсулло Сахибовтың елде алтын өндіруге рұқсат алып бергені үшін Қытайдың China Nonferrous Gold Limited (中国有色黃金) компаниясынан 2,8 млн доллар пара алғанын жұрттың бәрі біледі. Қазір Тәжікстандағы алтынның 80 пайызы қытайлық компаниялар қатысуымен өндіріледі.

Бар билік Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтың қолында шоғырланған Тәжікстанда Қытай ықпалы тіпті күшті. Соңғы жылдары Бердімұхамедов әулетінің барлық табысы тек Бейжіңге тәуелді (оларды газ құбыры байланыстырады) болып қалды.

Ерекше басшы

Қытай билігінің аймақ элитасын тойдыруға тырысатын саясаты түсінікті. Олар осы арқылы Орталық Азиядағы ресурстарға қол жеткізуді көздейді. Қытай бизнесінің аталған нарыққа емін-еркін енуін қамтамасыз етеді.

Алайда Бейжің амбициясы үшін бұл аздық етеді. 2020 жылдың қазанында Қырғызстанда төңкеріс болып, билік басына Садыр Жапаров келді. Оны Қытаймен байланысты көптеген бизнесмендер қолдап шықты.

Жапаров осы жылдың 10 қаңтарында өткен президент сайлауында жеңіп шықты. Оның есімін баяғыдан бері Қытаймен байланыстырады.

«Қытай сойылын соғатын кандидат сайлауға түсіп жатыр…», – деді Жапаровтың оппонентінің бірі Қанат Исаев сайлауалды теледебатта.

Жапаровтың Қытай азаматтарымен қарым-қатынасы барын дәлелдейтін фактілер жетерлік. 2007 жылы Жапаров депутат болған тұста оның туған  бауыры Сабыр Жапаров мемтендер ұтып алып, «Жырғалаң» шахтасының 71 процент акциясын бар болғаны 320 мың долларға сатып алады. Бұл өте арзан еді. Шамалыдан кейін Жапаровтар әлгі шахтаны Қытай инвесторына «табыстайды».
Аулы тұрғындарының айтуынша, 2012 жылы шахтада алапат өрт болған. Бірқатар БАҚ қытайлықтардың шығынды өтеу үшін Жапаровтан 7 млн доллар талап еткенін жазған. Жапаров өтемақы ретінде Орталық Азиядағы аса ірі алтын кеніші Құмторды қытайлықтарға беруге уәде береді. Құмторға иелік ететін Centerra Gold канадалық компаниядан шахтаны тартып алуға лобби жасайды.

Жапаров әлі күнге дейін Құмторды мемлекет иелігіне қайтаруға қарсы. Ал Қытай тарапы канадалық компанияға тікелей шығып, кеніштен үлес алуға тырысуда.

Сыртқы қарызды азайту үшін Жапаров Жетім-Тоо темір кенішінің бір бөлігін Қытайға беру туралы ұсыныс айтуда. Қырғыз депутаты Дастан Бекешовтың дерегінше, Қырғызстанның Бейжіңге берешегі 2,2 млрд доллардан асып жығылған.

Президентке жақын жүретін адамның бірі әзір парламент депутаты – Адыл Жунус-уулу. Қытайда туған. Жапаров оны өзінің жақын досы екенін жасырмай айтқан.

Депутат Жунус Air Kyrgyzstan ұлттық компаниясын Қытай инвесторына беруді ұсынған азамат ретінде танымал. Мемқызметке дейін ол жер қойнауын игерумен айналысты. Төрт бірдей тау-кен компаниясының тең қожайыны болады, бұлардың барлығында қытайлық кәсіпкерлермен әріптесіп жұмыс істеді.

Садыр Жапаров сайлау науқанына қажетті қаражатты қайдан тапқаны белгісіз. Оның сайлауға жұмсаған қаражаты 560 мың долларды құраған, бұл өзге 17 үміткердің бюджетінен көп. Сайлауалды үгіт-насихатқа керекті қаржыны қайдан тапқанын Жапаров жасырады. «Бұл халықтың ақшасы, зейнеткерлер пенсиясынан үзіп-жұлып берді» деген сыңайда пікір білдірген.

Оның сайлауалды компаниясын қытайлар қаржыландырғаны туралы нақты деректер бар. Атап айтқанда, Қытай азаматы басшылық ететін «Хуа-Эр» компаниясынан Жапаровтың шотына бір миллион сом аударған.

Жапаровтың жақтастарын тасыған автобустардың өзі «Шыдыр жол кей джи» деп аталатын компанияға тиесілі. Компания қожайыны Тохутибуби Оуерхалика Шыңжаң-Ұйғыр өлкесінің тумасы, осы күнге дейін Қытай азаматы болды, төлқұжатын тек 2018 жылы ауыстырған.

Тоқетерін айтқанда

Қытай Орталық Азияның тынысын тарылтып, жүріс жасайтын кеңістігін қыса түспек. Бейжіңді қазба байлықтар мен сауда-саттық қана қызықтырмайды. Қытай аймақта әскери ықпалын да арттыра түспек ойы бар. Бұған қытай шекарашыларының Тәжікстанда молынан орналасуы дәлел. Осы арқылы аймақтағы саяси ахуалға да әсерін тигізетін болады.

Ал Ресей ше? Мәскеу Бейжіңнің аймақтағы негізгі сауда серіктесі, инвестор әрі несиелеушіге айналғанына көнгеннен өзге амалы жоқ. Ресей Орталық Азиядағы қауіпсіздік, Еуразиялық одақ және аймақтың ішкі саясатына араласу арқылы өз рөлін сақтап қалуға тырысатын болады.

Ал Қытай уақыт өте келе Ресеймен санаспайтын деңгейге жетеді. Бейжіңнің қазіргі әрекеттері Мәскеуге берілген белгі. Тәжікстан мен Қырғызстанға келгенде Бейжің Кремльмен кеңескен жоқ. Ал Мәскеу мұны қалай бағаларын білмей дал.

Ресейге өз стратегиясын өзгертуден өзге жол жоқтай көрінеді. Аймақтық мәселелерге келгенде Қытаймен мүдделес бағыттар бойынша тіл табысу соның бірі. Екінші жол – Бейжің уақыт өткен сайын өсе түскен саяси ықпалын азайтудың жолын іздеу. Мұның бір амалы ретінде Кремль Орталық Азия елдерінің тәуелсіздігін нығайтуға күш салуы керек. Қытайды тек осылай тежей аласыз.

Мәскеудегі Карнеги орталығы

Аударған Думан БЫҚАЙ

 

ВРЕЗКА:

Ал Қытайға қатысты күдік көп. Үрей басым. Аймақтағы Ресейдің ықпалы уақыт өткен сайын әлсіреп барады. Қытай керісінше, өз ықпалын күшейту үстінде. Аймақ елдері үшін Бейжің әлі де болса бейтаныс, бөтен күш.

Соңғы үш жылда Қытайға қарсылық күшейіп келеді. Осыны анықтау мақсатында жүргізілген сараптама нәтижесінде Қырғызстан тұрғындарының 35 пайызы, Қазақстан азаматтарының 30 пайызы Қытайға кереғар қарайтыны мәлім болды.

Қытаймен шекараласпайтын Өзбекстанның өзінде Бейжіңге қарсылық үдеп тұр. Өзбектер жердің Қытайға жалға берілуіне үзілді-кесілді қарсы.

Бейжің өз репутациясына қатты алаңдайды. Осы себепті шекаралас елдерге ақшаны үйіп-төгуден тайынбайды. Дәл қазір Қытай Орталық Азия елдеріне ковидпен күресте белсенді көмектесуде. Аймақтағы қытай дипломаттары әлемжелідегі парақшаларын үзбей жүргізіп отырады, аймақта қытайшыл БАҚ пен сарапшылар көбею үстінде.

Қытайдан келетін қырғын қаражат аймақтағы ең ірі ел – Қазақстанға да таңсық емес. 2020 жылдың желтоқсанында беделді Financial Times басылым Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың Орталық Азия – Қытай газ құбырын салу кезінде ондаған миллион долларға табыс тапқанын жазды. Аталған жобаны Қытайдан кредит алған «ҚазМұнайГаз» бен CNPC бірлесе жүзеге асырған.

Бейжіңмен байланысты коррупциялық әдіс-тәсілдер турасында есірткіге тәуелділіктен азап шеккен Назарбаевтың немересі Айсұлтан да жазған еді. Ол былтыр Лондондағы пәтерінде өлі күйінде табылды.