«Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы бұл – Орталық Азиядағы ең ірі мал асылдандыру кәсіпорны және төрт түлік малдан ұрық алу және оны мұздатудың (криоконсервациялау) заманауи технологиясын игерген алғашқы кәсіпорын.
Бүгінгі таңда «Асыл түлік» мемлекеттік маңызы бар мал асылдандыру жұмысының алғы сапында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру ісіне атсалысып келеді. Озық мекеме санатында заманауи ғылыми әзірлемелер мен технологияларды игеруге пәрмен беріп, республикадағы қарамал тұқымдарының нәсілдігін сақтауда, әлеуеттілігін арттырып, өнімдік сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуда. Орталық алғашқылардың сапында бір жынысты ұрықпен ұрықтандыру және эмбриондарды трансплантациялау сияқты заманауи биотехнологиялық әдістерді өндірісте кеңінен қолданып, мал тұқымының өз төлінен көбею үрдісін жеделдетуге жол ашты.
[caption id="attachment_59990" align="aligncenter" width="480"] OLYMPUS DIGITAL CAMERA[/caption]
Жиырма жылдық меже аясында атқарылған жұмысқа көз жүгіртсек, Орталық құрылғаннан бері сүтті, сүтті-етті және етті бағыттағы әртүрлі қарамал тұқымдарының аталық бұқаларынан 12 миллионнан астам ұрық дозалары өндіріліпті. Жалпы, 2001-2020 жылдар аралығында республиканың мал шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілері Орталықтың ұрық сақтау қоймасынан 6 миллионнан астам ұрық дозасын алып, республикадағы мал басын өсіруге пайдаланған.
Мал шаруашылығын дамыту маңызды мәселе болғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы кәсіпорын жұмысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. «Ауыл жылы» аясында саяси қайраткерлер: А.С. Есімов, С.В. Кулагин, К.Қ. Мәсімов, А.Р. Жақсыбеков, С.А. Дьяченко, Ө.Е. Шөкеев, А.Ұ. Мамин және басқалары Орталықта болып, мал асылдандыру ісінің заманауи технологияларымен танысуға мүмкіндік алды.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауылшаруашылық өнімдерінің өзіндік құнын арзандату жөніндегі мемлекеттік саясат аясында мал шаруашылығының атқарар үлесі қомақты. Осы орайда мал шаруашылығын дамытуға пәрмен беру барысында «Асыл түлік» қоғамы мал басын көбейтуді жеделдету мен мал өнімділігін арттыру үдерісінің өзегі ретінде асылтұқымды мал өсірудің мәйегіне айналды.
Мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнімінің өсуі, әдеттегідей, мал басы санының көбеюімен тікелей байланысты болды. Мал басы санының көбеюі шаруашылық тарапынан да, мемлекеттік қолдау аясында да көбірек қаражат қарастыруды талап ететіні анық. Өйткені мал басының артуы оны өсіруге және оған қажет инфрақұрылымды ұстауға қосымша шығын қарастыруға ұласатыны хақ. Мал шаруашылығындағы қалыптасқан осы жағдайды талдау, мал басы өнімділігінің мардымсыз болуының негізгі екі себебін анықтады. Біріншісі – мал асылдандыру жұмыстардың дәрменсіздігі. Екіншісі – малды азықтандыруды талапқа сай қамтамасыз ететін сапалы мал азығы базасының жетімсіздігі.
Қалыптасқан мәселелерді жүйелі түрде шешу мал шаруашылығының тұрақты дамуын қарастыратын, жоғары өнімді мал өсірудің тиімділігін арттыратын тетіктерді қарастыруға итермеледі. Осылайша, 2010 жылы қарамал тұқымдарын асылдандыру бойынша «кең ауқымды селекция» жобасы басталды. Өздеріңіз білетіндей, 80-ші жылдары кең ауқымды селекция ұстанымдарына сай Қазақстан Республикасында қарамалдың сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар басталған еді. Өкінішке орай, жұмыс аяқталмай қалды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, кең ауқымды селекция ұстанымдарын қолдана отырып, сүтті сиыр саласы озық дамыған барлық елдер сүт өнімділігі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Соңғы жылдары, мемлекет мүдделерінің алдыңғы сапында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуеттілікті арттыру, атап айтқанда, сиыр етін экспорттауға байланысты мәселелер күн тәртібіне шықты.
Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің едәуір өсуі, әрине, табындағы өнімділігі жоғары мал үлесінің ұлғаюымен байланысты. Малдың жоғары өнімділігі оның тектік әлеуетіне және азықтандыру деңгейіне тікелей тәуілді екені де анық. Осы жәйтті назарда ұстап, «кең ауқымды селекция» жобасының қатысушыларына белгілі талаптар қойылды. Мысалы, мал асылдандыру үрдісінің ғылыми қамтылуы, әр табынға тиесілі аталық бұқалар тізімін бекіту және оларды мерзіміне орай ауыспалы пайдалану жоспарларының сақталуы, қолдағы барлық малдың тиісті ветеринарлық-зоотехникалық есебінің толық жүргізілуі және осы ақпараттарды ақпараттық-талдау жүйесіне енгізу еді.
Осындай шешімдер неге қабылданды? Мал саны туралы статистикалық мәліметтердің күмәнді болуы, мал басы толық қамтылған бірегейлендіру (идентификациялау) үрдісінің қалыптаспағаны және көптеген малдың ата-тек жазбаларына сенімсіздік іске қолбайлау болды. Қалыптасқан мал өсіру дағдысына бой алдырған шаруашылықтар қара малды азықтандыру барысында мал тәбетін ашатын сүрленген азық пен рационның қуатын келтіретін құрама жем қолдануға салғырт қарады. Етті мал шаруашылығында аталық бұқаларды жүйесіз табынға қосу нәтижесінде әрбір бесінші жұптастыру туыстық жақындыққа (инбридинг) ұласты. Сүт бағытындағы шаруашылықтарда ұрпақ сапасы бойынша сынақтан өтпеген «дүдәмал» бұқаларды пайдалану жағдайлары орын алды. Оның үстіне, сараптама көрсеткендей асылтұқымды мал шаруашылығын субсидиялауға жұмсалған қомақты қаржының өтемі мардымсыз болып шықты. Мысалы, 2000 жылдан 2010 жылға дейінгі он жыл ішінде сүтті мал өсіруге миллиардтаған доллар құйылған кезде сиырлардың сүттілігінің өсуі 400 кг-нан аспады.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Алмания мемлекеті қосылған мезетте сүтті малдың өнімділігі төмен болған Шығыс Алмания 10-15 жыл, яғни 3 буын ұрпақ аралығында сиырдың сүттілігін 4700-ден 8800 келіге дейін арттыра алды. Ал Қазақстанда жетекші шаруашылықтардың өзінде малдың сүт өнімділігі бойынша орташа жылдық өсімі 2%-тен аспайды. Өкінішке орай, республика көлемінде мал шаруашылығын қарқынды дамытудың шектеуші факторы шағын шаруашылықтың басымдылығы десек те болады. Ірі қара мал басының 70%-ы ауыл тұрғындарының қолында, яғни жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Сондықтан да бүгінгі күні республикада бір басқа шаққанда сиырдың орташа жылдық сүт өнімділігі 2,7 мың тоннадан аса алмай тұр.
Өндірісті қарқынды ұйымдастыру тұрғысынан қарасақ, сиырдың 30% -дан астамы ғана малды жеткілікті азықтандыру және сындарлы мал асылдандыру жұмыстарымен қамтылғанына көз жеткіземіз. Осылайша, әрбір үшінші сиыр ғана мемлекеттік мал асылдандыру бағдарламасына қатысады. Осы жағдайдан туындайтын сауал: жалпы, малдың өнімділігін арттыру үшін мал асылдандыру ісімен айналысу керек пе? Екінші сауал – малдарды жеткілікті азықтандырудың қажеттілігі бар ма? Әрине, бұл мал өсірудің аксиомасы. Әрбір шаруа өндірісті тиімді жүргізуге мүдделі. Нәсілі жақсы мал жеткілікті азықтандырылса ғана мол өнім береді, ал өнім молайған тұста өндірістің тиімділігі артатыны экономикалық заңдылық.
Осы орайда, «Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру Орталығы ретінде «кең ауқымды селекция» жобасы аясында бар мүмкіндігін асылтұқымды мал шаруашылықтарын дамытуға бағыттады. Субсидия алушы шаруашылықтарға қойылатын талаптардың: мал асылдандыру үрдісін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету, табындарға бұқаларды жоспарлы түрде бекіту шаралары Орталық қызметкерлерінің мал асылдандыру бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарына үлкен серпін берді. «Кең ауқымды селекция» жобасының барысында республикадағы сиыр малын қолдан ұрықтандыру қызметінің аясы кеңейді, асылтұқымды аталық бұқалардың қолда бар ұрығын пайдалану мәселесі жүйеге түсті, тұқымды бұқашықтарды ұрпағының сапасы бойынша сынақтан өткізу шараларына пәрмен берілді. Осылай жылдар бойы қордаланған істердің түйіні шешіліп жатты.
«Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы» бастамашы болған асылтұқымды малдарды жедел көбейтудің заманауи әдістері көптеген шаруашылықтар үшін маңызды ұсыныс болды. Бұл әдістер қолдан ұрықтандыру ісін жандандырып, қашарларды бір жынысты ұрықпен ұрықтандыру арқылы малды өз төлінен көбейту ісіне сүбелі үлес қосты. Озық шаруашылықтарда жоғары өнімді сиырларды мақсатты түрде асылтұқымды аталық бұқалар ұрығымен шағылыстыру барысында эмбриондар қорын жасақтау қолға алынды. Эмбриондар зертхана жағдайында алынып, оларды реципиенттерге отырғызу жылжымалы эмбриомобиль көліктерімен іске асып жатты. Осындай игілікті істің басы-қасында «Асыл түлік» мамандары жүрді. Өндірістік масштабта эмбриондарды трансплантациялау үшін стационарлық (in-vitro) зертхана іске қосылды, мұнда классикалық технологиямен қатар, сиырдың аналық жұмыртқаларын түтікшеде ұрықтандыру арқылы эмбриондар алу технологиясы игерілді. Осындай кешенді шаралар сүтті мал шаруашылығында мал басын өз төлінен көбейту ісіне үлкен серпін берді.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мал шаруашылығын тұрақты дамытуда қолдан ұрықтандырудың маңыздылығы дәлелденген мәселе. Бүгінгі таңда, республикамызда сүтті сиыр саласы ғана қолдан ұрықтандыру әлеуетін жүзеге асыруда, онда да қосалқы шаруашылықтардағы сауын мал толық қамтылмаған. Өкінішке орай, шаруалардың қолдан ұрықтандыруға деген селқостығынан әр буын ұрпақ сайын малдың өнімділік қасиеттерін жақсарту мүмкіндігінен айырылып отырмыз. Осы орайда, «Асыл түлік» мекемесінің ұрық сақтау қоймасында ұрпағының сапасы бойынша сынақтан өткен және еліміздің шаруашылық жағдайында құнажындарының сүттілігі бойынша жақсы нәтижелер көрсеткен асылтұқымды бұқалардан алынған ұрықтар сақтаулы тұр.
Ұрық қоймасында қара мал тұқымының сүтті, сүтті-етті және етті бағытындағы барлық тұқымдарының таңдаулы аталық бұқаларынан алынған ұрықтар республика шаруаларына жеткілікті. Сонымен, республикамыздағы ірі қара мал тұқымдарының тектілік пәрменін жақсарту жөніндегі тапсырманы жүзеге асыру үшін «Асыл түлік» мекемесінің мүмкіндігі зор. Әрине, тапсырманы ойдағыдай жүзеге асыру үшін «Асыл түлік» қоғамының әлеуетімен қатар, осы шараға қатысушылардың ниеті мен талпынысы қажет екені түсінікті. Осы істе, мал өсірумен шұғылданатын шаруалардың ниеті аса маңызды.
Қазіргі таңда «Асыл түлік» ұрық сақтау қоймасында қара мал тұқымынан алынған 6 миллионнан астам доза ұрық бар. Осы ұрық ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ететін сұйық азот құйылған ыдыстарда сақталынуда. Қоймада отандық мал тұқымдарымен қатар шетелдік бұқалардың да ұрықтары сақтаулы. Орталық құрылған 2001 жылдан бері республиканың жетекші асылтұқымды шаруашылықтарынан 200-ден астам бұқашықтар және Ресей, Украина, Алмания, Канада мен АҚШ мемлекеттерінен қара малдың 15 тұқымының сүтті, сүтті-етті және етті бағыты бойынша 150-ден астам асыл тұқымды аталық бұқалары әкелінді. Ұрық сақтау қоймасындағы қара мал тұқымының тектік қорын құрайтын мұздатылған ұрықтар сапасы бойынша ұдайы тексеріледі және селекционерлердің сараптамасы мен ұсыныстарына орай олардың қатары жаңартылып және толықтырылып отырады. Мысалы, елімізде шаруалар тарапынан өсіруге сұраныс көбейген мал тұқымын көбейту мақсатында «тапсырыс бойынша жұптастыру» әдісімен «генотипі қажет» бұқаларды алу жұмыстарымен қатар, эмбриондарды трансплантациялау жұмыстары да қатар жүргізіледі де, сонымен қолдан ұрықтауға жұмсалатын ұрықтардың тектік тізімі ұдайы жаңа бұқалардың тегімен (генотиптерімен) толығып отырады.
Мал тұқымын жақсарту мүддесіне бағытталған осындай селекциялық жұмыстар легі әсте толастаған емес. Бүгінге дейін ұрпақтарының өнімділігіне қарай бұқашықтарды бағалау жұмыстары мұқият жалғасуда. Сүтті сиырларда құнажындардың сүттілігі анықталса, етті бағыттағы малдарда бұқашықтардың 15 айлық мерзімге дейінгі өсу қарқыны есепке алынады. «Асыл түлік» таңдап алып сынаққа қойған бұқалардың 70%-тен астамы ұрпақтарының сапасы бойынша «жақсартушы» санатына ие. Осы көрсеткіш асылтұқымды аталық бұқашықтарды алдын ала таңдау, іріктеу жұмыстарының генотипі пен фенотипі бойынша сапалы жүргізілгенін байқатады.
Сонымен, бүгінгі таңда «жақсартушы» бұқалардың ұрықтары республика көлемінде шаруашылықтардың сұранысын өтеумен қатар, ұрық қоймасында ұзақ мерзімді сақталуға қойылған. Ең бастысы, шаруашылықтар тарапынан сүтті сиырларды қолдан ұрықтауға қажетті ұрық жеткілікті. Етті мал шаруашылығында, өкінішке орай, ұрпағының сапасы бойынша бағаланған бұқалардан алынған ұрық мөлшері шаруашылықтардың сұраныстарын толық қанағаттандыра алмайды.
Етті мал шаруашылығында қалыптасқан ахуал осы салада жүргізілген саясаттың ықпалынан туындады. 2010 жылдары қабылданған «Сиыр етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында асылтұқымды мал шаруашылықтарының мал өсірудегі рөлі төмендеді, әсіресе, қолдан ұрықтандыру мен асыл тұқымды мал басын бағалау үрдісі көп сынға ұшырап, атқарылып келе жатқан жұмыстардың пәрмені әлсіреді. Сырт елден әкелінген «кірме малдың» екпіні отандық қара мал тұқымдарына деген сұранысқа тұсау болды. Түр-тұрпаты мен өнімділігі бойынша қазақтың ақбас тұқымына ұқсас герефорд тұқымы әспеттеліп, отандық тұқым селекциялық үрдістен сырттатылды, кей жерлерде герефорд тұқымына сіңіп кету үрдісі орын алды. Сондықтан бүгінгі таңда «Асыл түлік» мамандары қазақтың ақбас сиырының асылтұқымды бұқаларын таңдап, іріктеп алу барысында едәуір қиыншылықтарды бастан өткеруде. Дегенмен көптеген шаруалар осы тұқымның қазақстандық селекцияның мақтанышы болып табылатынына сенімін үзбей, сақтап қалды.
«Асыл түлік» орталығы өндірген тұқымдық материалдардың сапасы күмән тудырмайды, өйткені ұрықты алу мен криоконсервациялау үрдісі заманауи технология негізінде жүзеге асырылған. Технологиялық үрдіс кезеңдері адам факторының ықпалын азайтып, автоматтандыру жүйесімен қамтылған. Орталық өндірген әрбір ұрық сынамасының (доза) түтікшесінде ұрықтың қай бұқадан және қай уақытта алынғаны туралы ақпарат берілген. Асылтұқымды кітапшада бұқаның өндірістік көрсеткіштерімен қатар, төртінші ұрпаққа дейінгі ата-тегі туралы мәліметтер жазылған. Ұрықты алу және криоконсервациялау үрдісі үш кезеңнен тұратын қатал бақылау тезінен өтеді де, сынақтан өткен сынамалар ғана ұзақ мерзімді сақтауға жіберіледі. Бақылаудың үш кезеңі бар. Бірінші кезең – компьютердің көмегімен сынамадағы шауқаттың (сперматозоид) белсенділігі мен мөлшері (концентрация) анықталады. Екінші кезең – мұздатылған ұрыққа бактериологиялық сараптама жасалады және оның мұздатылғаннан кейінгі белсенділігі мен сапасы анықталады. Үшінші кезең – ұрық карантиннен өтіп сақтау қоймасына қойылғанда, бекітілген кестеге сәйкес ұрықтың белсенділігі ұдайы тексеріліп тұрады. Осылай осы үш кезеңнен өткен ұрықтарды ғана шаруашылықтарға жіберуге рұқсат беріледі.
Ветеринария тұрғысынан қарасақ, малдарды төлінен көбейтудің ең тиімді, әрі қауіпсіз жолы – малдарды қолдан ұрықтандыру әдісі. Қолдан ұрықтандыру әдісі аталық малдар арқылы берілетін жұқпалы аурулардың таралуына тоқтау қоя алады. Сондықтан да қолдан ұрықтандыру сүтті сиыр саласында кең таралған. Біздің елімізде де, қолдан ұрықтандыруды кеңінен пайдалану үшін, жеке қосалқы шаруашылықтардың сиырларын қолдан ұрықтандыру үшін мемлекеттік қолдау қарастырылған. Бұл субсидия қосалқы шаруашылықтардың қолдағы малын асылтұқымды бұқалармен ұрықтап, нәтижесінде өнімділігі жоғары төл алып, шаруасының тиімділігін арттыруға бағытталған. Осы бағытта «Асыл түлік» мекемесі қосымша қызмет ретінде Ақмола өңірінде жылына өз құзырына алған ауылды мекендерде 70 мыңнан астам мал басын қолдан ұрықтандырады.
Жалпы, жиырма жылдың аясында республикалық мал асылдандыру Орталығын құру саясаты қаржылық тұрғыдан мемлекет алға қойған мақсаттың үдесінен шықты. Орталықта енгізілген ұрық алу мен сақтаудың заманауи технологиясы және мал басын өз төлінен көбейтудің жаңа үрдістері мал асылдандыру ісінің тиімділігіне мұрындық болды. Осы жылдары «Асыл түлік» қоймасынан шыққан сапалы ұрықтар, капитал ретінде, республикамыздағы шаруашылықтардың 2 миллионнан астам сиырынан асыл тұқымды ұрпақ алуға жол ашты. Қалған 6 миллионнан астам ұрық мұздатылған қалпында қоймада сақтаулы. Орта есеппен алғанда «Асыл түлік» орталығында алынған ұрықтан өрбіген асылтұқымды малдардың үлесі республикадағы тұқымды малдардың 30%-ынан астамын құрайды, яғни әр үшінші құнажын – «Асыл түлік» орталығының өнімі.
Қандай жетістіктерге жеттік? Ауылшаруашылық жануарлары: қошқар, бұқа және айғырдан ұрық алу және оны криоконсервациялау технологиясының жаңа заманауи әдісі игерілді. Сүтті сиыр саласында малдың өз төлінен көбейтудің қарқынды жолдары: бір жынысты ұрықпен қашарларды ұрықтау, эмбрион алу және оны трансплантациялау үрдісінің оңтайлы әдістері өндіріске енді. Мал асылдандыру үрдісін жүйелі жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесі құрылды. Қазіргі уақытта қара малдың барлық түрлері, оның ішінде асылтұқымды сиырлар мен бұқалар туралы мәліметтерді бірыңғай базадан көруге қол жеткізілді. Кең ауқымды селекция жобасы аясында сүтті және етті бағыттағы мал шаруашылығында аталық бұқаларды пайдалану реті жүйеленіп, оңтайландырылды. Өйткені аталық бұқаларды генеалогиялық құрылымына және асылтұқымдық құндылығына орай табындарға бекіту және жоспарлы негізде ауыстырып пайдалану мемлекеттік субсидияны алуға ұмтылған шаруалар үшін алғышарт болды. Бұл талаптың астарында аталық бұқалар мен асылтұқымды аналық малдардың өнімділік қасиеттерін барынша шендестіріп, мақсатты түрде тектік әлеуеті зор ұрпақ алу мақсаты жатты. Осылайша, республика көлемінде селекциялық үрдістерді бір мақсатқа жұмылдыру мен асылтұқымды мал басының көбеюін реттейтін тетіктер енгізілді.
Инновациялық деп айта алатын жетістік – малдың асылтұқымды құндылығын индекстеу негізінде малды бағалаудың жаңа әдістерін қалыптастыру. Өйткені қолданыстағы асылтұқымды малды бағалаудың ескі классикалық жүйесі малдың жеке ерекшеліктеріне «егжей-тегжейлі» бойламады. LPi (Канада), TPi (АҚШ) және RZG (Германия) индекстері өз кезегінде малдардың асылтұқымды қасиеттері туралы барлық ақпаратты қамтыған. Мысалы, сүт өнімділігі мен сапасы, желін сапасы, шаруашылықта пайдалану ұзақтығы, төл беру қабілеті және малдың сыртқы түр-тұрпатын (пішіні) кем дегенде 18 белгі бойынша бағалау әдістері. Жан-жақты қамтылған осы белгілерді бағалаудың сандық көрсеткіштері жинақталып, индекстік жүйеге біріктірілген кешенді сараптама малдың тұқымдық құндылығын, әрине, «классикалық» рейтингіге қарағанда толық сипаттайды. Осы орайда, «желін сапасын» анықтауды өндіріске енгізу барысында сүт құрамындағы соматикалық клеткаларды есептеу үшін стационарлық зертханалар құрылғаны да жаңалық еді.
Қорыта айтқанда, кең ауқымды селекция ұстанымдарын енгізу нәтижелері Қазақстан Республикасында сүтті және етті бағыттағы сиыр шаруашылығын дамытудың селекциялық үрдісіне оң өзгерістер әкелді. «Асыл түлік» мекемесінің осы игі іске мұрындық болғаны мақтаныш. Селекциялық саясатта «Асыл түлік» мамандары және көптеген селекционерлер отандық тұқымдарды өз төлінен көбейтуге басымдық беруді ұстанды. Әрине, замана талабына орай жаңа сұранысқа сай өнімдерді өндіру үшін (мысалы, мәрмәрлік ет) жергілікті тұқымдардың осы талапқа сай өндірістік қасиеттерін жақсарту барысында әлемдік озық тұқымдардың тектік әлеуетін пайдалану қажеттілігі туындайды. Мақсатты селекциялық жұмыстар ұдайы жүргізіліп, арнайы азықтандыру жолға қойылса, отандық тұқымдардың әлеуеті де жақсы көрсеткіштер көрсететінін уақыт дәлелдеді. Осындай ұстаным тиімді, сенімді және шығыны аз әдіс.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір мал тұқымдары шаруашылықтар тарапынан сұранысқа ие болып өсіріліп жатса, ал кейбірі маңыздылығын жоғалтып, жойылып жатыр. Соңғы жүз жылда мамандандырылған мал тұқымдарына көрсетілген басымдылықтың әсерінен әлемнің түрлі аймақтарында 450-ден астам аборигендік мал тұқымдары жоғалып кетті. Осы үрдіске қарап, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қиыншылыққа қарамай, отандық ғалымдар мен мамандар шығарған, әлемге танымал болған отандық мал тұқымдарының күйзеліске ұшырамауына тілектеспіз. Мысалы, қазақтың ақбас сиыры және биязы жүнді қазақ қойы Одақ көлемінде үлкен жетістіктерге жеткен мал тұқымдары. Отандық тұқымдарды сақтап қалуға да, жетілдіруге де «Асыл түлік» ұрық қоймасындағы тектік қор кепілдік бола алады, тек саясат тарапынан қысым жасалмаса болғаны.
Осы орайда, республикалық мал асылдандыру орталығының басты міндеті жерімізге бейімделген, еліміздің шаруашылықтары өсіріп жатқан мал тұқымдарын өз төлінен көбейту шараларына барынша қызмет ету. Әсіресе, малды төлінен жедел көбейту үрдісіне серпін беріп, селекциялық жұмыстардың жүйелі әрі пәрменді атқарылуына атсалысып, мал өсірушілердің қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз ету. Ең бастысы, қоймада сақтаулы жатқан ұрық мөлшері мал асылдандыру үрдісіне пәрмен беруге жеткілікті. Шаруалар үшін маңызды мәселе, өзімізде өндірілген өнімнің өзіндік құнының қол жетімді болуы. Әзірге бәсеке жарысында «Асыл түлік» өндірген ұрықтардың сапасының да, бағасының да бәсі басым.
Сонымен, «Асыл түлік» мал асылдандыру орталығы өзінің жиырма жылдық белесіне жақсы жетістіктермен жетті. Осы межені қарсы алу үшін «Асыл түлік» заман талабына сай жүргізілетін селекциялық үрдістерді игеріп, мал асылдандыру ісіне пәрмен берілетін шараларды іске асыруға үлкен дайындықпен келді.
Әріптестердің қарекеттеріне қарымды еңбек және сәттілік тілейміз!
Айбын ТӨРЕХАНОВ, профессор.