Хантавирус қаупі: туристерге ескерту жасалды

Хантавирус қаупі: туристерге ескерту жасалды
pixabay.com

Хантавирустық инфекцияның елге әкеліну қаупіне байланысты туристерге арнайы ұсынымдар жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Санитариялық эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, хантавирустық инфекция адамға негізінен кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс арқылы жұғады.

Вирус ағзаға шаң, тағам, су немесе тістеу арқылы енуі мүмкін.

Осыған байланысты шетелге шығатын азаматтарға кеміргіштермен және олардың бөлінділерімен байланыстан аулақ болу, олардың болуы мүмкін орындарға бармау ұсынылды.

Сондай ақ кеміргіштермен ластануы ықтимал тағам мен суды пайдаланбау, көше саудасынан алынған өнімдерді тұтынбау және азық түлікті жабық ыдыста сақтау қажеттігі айтылды.

Жабық ғимараттарда болған кезде алдын ала желдету жүргізіп, дезинфекциялық құралдармен ылғалды тазалау жасау ұсынылады.

Тазалау кезінде маска мен қолғап секілді жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажет.

Адам көп жиналатын орындарда арақашықтық сақтау, маска тағу және қол гигиенасына мән беру ұсынылған.

Мамандар шетелден оралғаннан кейін 1 аптадан 8 аптаға дейін дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет ауыруы, жөтел немесе ентігу байқалса, дереу дәрігерге жүгінуге шақырды.

Мұндай жағдайда медицина қызметкерлеріне шетелде болғаны туралы міндетті түрде хабарлау қажет екені ескертілді.