2 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды: ШҚО-да пайдаланылмаған алқаптар анықталды

2 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды: ШҚО-да пайдаланылмаған алқаптар анықталды
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, прокурорлық қадағалау актісі негізінде жалпы аумағы 2092,6 гектар болатын жер учаскелері мемлекетке қайтарылған.

Қайтарылған мүліктің кадастрлық құны 17,7 млн теңгені құрады.

Катонқарағай аудандық прокуратурасы заң бұзушылықтарды жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында анықтаған.

Тексеру нәтижесінде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге берілген жерлерді жалға алушылар учаскелерді бір жыл бойы мақсатты түрде пайдаланбағаны белгілі болған.

Прокуратура мәліметінше, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді әрі нысаналы пайдалану мәселесі ерекше бақылауда тұр.

Қадағалау органы жер ресурстарын заң талаптарына сай пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.