"Кілемге орап, шұңқырға көмген": Атыраудағы қанды іске қатысты дерек шықты

"Кілемге орап, шұңқырға көмген": Атыраудағы қанды іске қатысты дерек шықты
ашық дереккөзден

18 мамырда Атырау сотында Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне қатысты резонансты істің мән-жайы айтылды. Қайғылы оқиға салдарынан ерлі-зайыпты мен олардың ересек екі баласы қаза тапқан. Қылмыстың мән-жайын алдын ала сот тыңдауы кезінде мемлекеттік айыптаушы оқыды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, сотталушы Сұлтан Сәрсемалиев барлық эпизод кезінде бір ғана асүй пышағын қолданған. Іс материалдарына сәйкес, ол пышақты өзімен бірге алып жүрген және отбасының бірнеше мүшесіне шабуыл жасаған кезде пайдаланған.

Атап айтқанда, сотта Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайының әпкесі Мирамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты деректер жарияланды. Сотта айтылғандай, Мирамгүл сіңлісіне қонаққа келген кезде оның тұрмыс жағдайына көңілі толмағанын білдірген. Үйде азық-түліктің жоқтығы және баспананың жай-күйі оның наразылығын туғызған. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы сөздер Сәрсемалиевтің ашуын келтірген.

"Осы сәтте Мирамгүл Қарабалинаның тұрмыстық және материалдық жағдайға қатысты айтқан сөздері Сұлтан Сәрсемалиевтің ашуын тудырған", – делінген айыптау актісінде.

Айыптау дерегінше, ол қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін асүйдегі тоңазытқыштың үстінде тұрған пышақты алған. Тергеу мәліметіне сәйкес, бұл пышақ бұған дейінгі кісі өлтіру оқиғаларында да қолданылған және оны сотталушы Қызылқоға ауданынан алып келген. Сәрсемалиев бұрынғы әйелінің әпкесіне кеуде, арқа және іш тұсынан бірнеше рет пышақ сұққан.

"Мирамгүл Қарабалина алған жарақаттарынан еденге құлаған кезде, оның тұрмыстық және материалдық жағдайға қатысты айтқан сөздерінен кейін сотталушыда оны аса қатыгездікпен өлтіру ниеті пайда болған", – делінген айыптау актісінде.

Осыдан кейін ол жерде жатқан әйелге тағы да бірнеше рет пышақ сұққан. Айыптау актісінде соққылардың кеуде, іш, қол және бет тұсына жасалғаны айтылған.

Іс материалдарына сәйкес, Мирамгүл Қарабалинаның қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін Сәрсемалиев оның денесін кілемге орап, үйдің кіреберісіндегі бөлмеге алып шыққан.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстың ізін жасыру үшін ол әйелдің денесін бұған дейін оның ағасы Наурыз Мұқанғалиевтің денесі жасырылған шұңқырға көмуге шешім қабылдаған.

"Сол күні шамамен сағат 21:00-де ол аулаға шығып, бұрын көмілген шұңқырдың шамамен 30 сантиметр бөлігін қайта қазған. Кейін кілемге оралған денені сол жерге апарып, шұңқырға тастаған. Содан соң шұңқырды толықтай көміп, денелерді жасырған", – деді прокурор.