Түркістандықтар ауызсудан тапшылық көрмейді

Dalanews 08 қар. 2018 09:39 633

Өңір халқын сапалы ауызсумен жабдықтау бойынша әзіргі күні жоспарлы жұмыстар тұрақты атқарылып жатыр, соның нәтижесінде су машақатын көріп отырған мыңдаған тұрғындардың жанайқайы оң шешімін табуда.


Бұл ретте облыстың даму жоспарына сәйкес,  алдағы үш жылда барлығы 84 елді мекенді, яғни 209,7 мың адамды орталықтандырылған ауызсумен қамту жоспарланып отыр. Осы арқылы Түркістан мен оған қарасты елді-мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі біржолата шешілетін болады деп күтілуде. 

Оның ішінде биылғы жылы ауызсу саласына 9,6 млрд теңге бөлініп, 76 нысанның құрылысы іске асырылғанын айта кетелік. Аталған нысандардың 20-сы биыл пайдалануға берілді, ал өзге 56 нысанның құрылысы келер жылға қалады. Нәтижесінде, осы жылы аймақтағы 13 елді мекен, яғни 19,6 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылса, 2 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

Сонымен қатар 35 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз ету үшін биыл жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде, 2020 жылға қарай қала тұрғындарының 97 пайызы, ауылдық елді мекендердің 83 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы қалалардың – 93,4 пайызы, ал ауылдық елді мекендердің 73,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.

Түркістан халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін Елбасы да қадап тапсырған болатын. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар