Қазақстандық құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Черногорияда саяси босқын мәртебесінде қалды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Черногорияның Жоғарғы соты Қазақстан Бас прокуратурасының құқық қорғаушы Дина Таңсәріні экстрадициялау туралы өтінішін қабылдамады. Бұл шешім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Дина Таңсәрі 2025 жылы 14 сәуірде ұсталған болатын. Алайда келесі күні тергеу соты оны қамаудан босатты.
2025 жылы 29 шілдеде Дина Таңсәрі мен оның жұбайы Алмат Мұхамеджанов халықаралық қорғау мәртебесін алды. Бұл олардың халықаралық іс-шараларға қатысып, Қазақстандағы әйелдер құқығы бұзылуы жөнінде айтуына мүмкіндік береді.
"НеМолчи" қорының жетекшісіне қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс 2023 жылдың соңында қозғалған еді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасы Дина Смаиловаға (көпшілікке Дина Таңсәрі атымен танымал) қатысты экстрадиция мәселесі бойынша Черногория билігінің шешімін күтіп отырғаны хабарланды. Бұл туралы Мәжіліс дәлізінде Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты.