«Шешімді басқа мемлекет қабылдайды». Қазақстан Дина Таңсәріні Черногориядан экстрадициялай ала ма?

Көркем Алдабергенова 11 мау. 2025 15:31

Қазақстан Бас прокуратурасы Дина Смаиловаға (көпшілікке Дина Таңсәрі атымен танымал) қатысты экстрадиция мәселесі бойынша Черногория билігінің шешімін күтіп отыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Дина Таңсәрі Черногорияда жасырынып жүр. Оған іздеу жарияланды, материалдар жолданды. Менің білуімше, черногорлық тарап бұл мәселені қарады, шешім қабылдады, енді әрі қарай қалай боларын көреміз», – деді Шындалиев.

Бұған дейін Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы Черногория астанасы Подгорицада Қазақстан Бас прокуратурасының «НеМолчи.kz» қорының жетекшісін экстрадициялау туралы сұрауы бойынша алғашқы сот тыңдауы өткенін мәлімдеген болатын.

Ұйымның ақпараты бойынша, Черногория прокуратурасы экстрадицияға қарсы шыққан. Сонымен қатар, 2024 жылдың шілдесінде Черногория билігі Смаиловаға саяси босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдауы тиіс.

Смаилова 2021 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде тұрып келеді. 2023 жылдың желтоқсан айының соңында оған халықаралық іздеу жарияланған. Құқық қорғау органдары оны заңсыз ақша жинады және жиналған қаражатты мәлімделген мақсаттардан бөлек бағыттарға жұмсады деп күдіктенеді.

2024 жылдың 14 сәуірінде Смаилова Черногорияда ұсталғаны туралы хабарлаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар