Астана әкімі қаладағы заңсыз құрылысқа шүйлікті

Сағыныш Сардарова 15 қыр. 2025 13:36

Астана әкімі тұрғындарды қабылдау барысында азаматтардың шағымына құлақ түріп, заңсыз құрылысты тоқтатуды талап етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғын үй кешенінің ауласында салынып жатқан тұрғын үй құрылысына қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Әкім қарамағындағыларға Sensata компаниясына тиесілі нысанның құрылысын дереу тоқтату жөнінде тапсырма берді.

Бас жоспарға сәйкес бұл аумақта тұрғындарға арналған сквер салынуға тиіс еді. Алайда құрылыс компаниясы талаптарды елемей, жұмыстарын жалғастыра берген.

Қала тұрғындары бірнеше рет әкімге жүгініп, өз құқығы сақталуын талап еткен.  Шағымға құлақ асқан Жеңіс Қасымбек тұрғындарды қолдап, айқын мәлімдеме жасады:

"Құрылысқа тыйым саламын, тұрғындар қарсы", - деді ол.

Dalanews.kz осы мәселеге байланысты қала әкімдігіне жүгінді. Әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі тұрғындармен кездесу өткен аптада өткенін мәлімдеп, бұл жайтты растады.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар