Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті

Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті
gov.kz

Бүгін Маңғыстау облысында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаралы рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық құрылтай мүшелері, "Қазақстан Халық Кеңесінің" мүшелері, сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, марқұмдармен қызметтес болған азаматтар қатысты.

Рәсімге қатысушылар қаза тапқан жауынгерлердің туған-туысы мен жақындарына орны толмас қайғыға ортақтасып, көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына Құран бағышталды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, материалдық қолдау және жаназа мен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қажет жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Қаражатты жинақтау мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан бұған дейін арнайы қор айқындалған болатын. Жинақталған барлық қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккендерге атаулы әрі ашық түрде, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауымен бағытталады", - деп жазылған өңір әкімдігі хабарламасында.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Суға кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды. 

Осыған байланысты 25 қыркүйек - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Қайғылы оқиғаға қатысты 12 сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, трагедияға байланысты күдіктілер анықталды. Қорғаныс министрлігінен бес адам ұсталды.