Маңғыстау облысындағы трагедияға байланысты күдіктілер анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. Оқиға орнында тексеріс жүргізіліп, 30-дан аса әскери қызметшіден жауап алынған.
"Қызметке салғырт қарады деген күдікпен, сондай-ақ, метеорологиялық жағдайды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажет шаралар қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдар қаза табуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу күдіктілердің әрекетіне толық құқықтық баға беріп, оларға процестік шаралар қабылдайды", - деді прокуратура өкілдері.
Айта кетейік, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерде жұмыс істеп жатыр.
Нақтыланған мәліметке сәйкес оқу-жаттығу, жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған байланысты 25 қыркүйек - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.