Жаңаөзен қаласына жаңа әкім тағайындалды

Жаңаөзен қаласына жаңа әкім тағайындалды
Сымбат Төретаев. Фото: @mangystau_press

Сымбат Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімі негізінде Сымбат Қуанышұлы Төретаев Жаңаөзен қаласының әкімі қызметіне кірісті.

Сымбат Төретаев 1978 жылғы 27 қаңтарда Маңғыстау облысы Ералиев ауданының Жетібай ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2000 жылы Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл болып бастаған. Кейін аға жедел уәкіл және аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл қызметтерін атқарды.

2006-2010 жылдары «Нұр» ЖШС директоры болды. Ал 2010-2014 жылдар аралығында Қарақия ауданы Мұнайшы ауылының әкімі қызметін атқарған.

2015-2017 жылдары Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс, терроризмге қарсы іс-қимыл, жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғаныс бөлімін басқарды.

2017-2019 жылдары облыс әкімі аппаратының терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы болды.

2019-2023 жылдары Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2023 жылғы мамырдан бастап Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарақия ауданын басқарды.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзен қаласының әкімі қызметін 2024 жылдан бері Жансейіт Қайнарбаев атқарып келген.