World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен алғашқы әлем біріншілігі өтті. Дүбірлі додаға 60 елден 500-ден астам былғары қолғап шебері қатысып, боксшылар 10 салмақ дәрежесінде медальдарды сарапқа салды.
Қазақстан кіл мықтыларды жинап, толық құрамда өнер көрсетті. Ұлттық құрама бұған дейін Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, кейін Шеффилдке барып дайындық жұмыстарын жалғастырған болатын. Жалпы жерлестеріміздің сақадай сай екені байқалды.
Бұл әлем чемпионатының басты жаңалықтарының бірі кубалық Хулио Сезар Ла Крустың 90 келіден жоғары салмаққа ауысуы болды. Бұған дейін жартылай ауыр салмақта бақ сынаған ол биыл аса ауыр салмақтағы алпауыттармен күш сынасты. Осы салмақта Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай да өнер көрсетті. Сондай-ақ әзербайжандық Мухаммад Абдуллаев та қарсылас атанды. Соңғы рет Айбек пен Мухаммад Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде жұдырықтасып, ол кезде Айбек еш қиындықсыз жеңіске жетіп, алтын медаль олжалаған еді. Бұл жолы да Айбектің кубалық және әзербайжандық боксшылардан айласын асыруы басты «интригасы» болды.
65 келіге дейінгі салмақта 2024 жылғы Олимпиада чемпионы кубалық Эрисланди Альварес пен үндістандық Абхинаш Джамвал жұдырықтасты. Айта кетсек, Абхинаш бұған дейін Астанадағы Әлем кубогы кезеңінде Ертуған Зейнуллиновты жеңген болатын.
80 келіге дейінгі салмақта бәсекелестік жоғары деңгейде өтті. Бұл салмақта Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ел намысын қорғады. Оның қарсыластары қатарында Рахим Гонсалес (АҚШ), Вандерлей Перейра (Бразилия), Сезар Йожерлен (Франция), Жавохир Умматалиев (Өзбекстан) сынды мықтылар болды. Дегенмен Нұрбектің Олимпиададағы күмісі оны фавориттердің қатарына қосты.
50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай қарсылас шақ келтірмей өнер көрсетті. Ал 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырханның басты қарсыласы доминикандық Джуниор Алькантара болса, өзбек Миразизбек Мирзахалилов та жүлде үшін күресті.
60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Абдумалик Холоков өнер көрсетіп, оның басты қарсыласы Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Мунарбек Сейтбек уулу болды.
70 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның жас жұлдызы Төрехан Сабырхан алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, фавориттердің қатарынан көрінді.
75 келіге дейінгі салмақта әмбебап боксшы Сабыржан Аққалықов әлем чемпионы атағы үшін күресті. Әлем кубогы кезеңіндегі жеңісінен кейін оның фаворит атануы заңды болды.
85 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов тәжірибесін пайдаланып, қайтадан жеңіс тұғырына көтерілуге тырысты. Бұл салмақта өзбек Акмолжон Исроилов пен үндістандық Джугну да алтын үшін таласты.
90 келіге дейінгі салмақта Сағындық Тоғамбай бақ сынады. Бұған дейін Астанада өткен Әлем кубогында Исайас Сантос Рибейру Фильо осы салмақта чемпион атанған еді. Сондай-ақ америкалық Джордж Малачи де техникалық шеберлігімен көзге түсті.
Сарапшылар бұл додада медальдарды Қазақстан, Өзбекстан және Куба құрамалары өзара бөлісіп алады деп болжаған. Өйткені соңғы 2023 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан 5 алтын, Қазақстан 4 алтын, Куба 1 алтын жеңіп алған болатын.
Жалпы әлем біріншілігі 14 қыркүйекке дейін жалғасты.
7 алтын
Қазақстан құрамасы дүбірлі додада он медальға қол жеткізді. Оның жетеуі алтын болып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға тұрақтады. Қоржынымызда жеті алтын, бір күміс және екі қола жүлде бар.
Екінші орынға алты алтын, екі күміс және үш қола еншілеген Өзбекстан құрамасы жайғасты. Ал үшінші орын Үндістанға бұйырып, олар екі алтын, бір күміс пен бір қоланы иеленді.
Айта кетейік, Қазақстан әлем чемпионатын жеті алтын медальмен түйіндеді. Чемпион атанғандар: Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін) және Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін).
Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлде иегері атанса, Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдемен қуантты.
Финалға шолу
Финалға дейін сүрінбей жеткен Айбек
Айбек Оралбай Ұлыбританияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль иеленді. Ол 90 келіден жоғары салмақта финалға дейін сүрінбей жетті. Шешуші жекпе-жекте Айбек өзбекстандық Жахонгир Зокировпен кездесті. Алғашқы екі раундта қарсыласы басымдық көрсеткенімен, қазақстандық боксшы соңғы үшінші кезеңде жігер танытып, жеңісті жұлып алды.
Нәтижесінде Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Ағайындылардың жеңісі
Қазақстандық жас боксшы Төрехан Сабырхан Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол 70 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей үздік шықты. Финалда Төрехан жапондық Сэвон Окадзавамен жолығып, тең дәрежеде өткен жекпе-жекте соңғы раундта басымдық танытып, жеңісті жұлып әкетті. Осылайша, 19 жастағы Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында-ақ алтыннан алқа тақты.
Ал оның ағасы Махмұд Сабырхан да ел үмітін ақтап, чемпион атанды. Ливерпульде өткен дүбірлі додада ол 55 келіге дейінгі салмақта финалда испандық Рафаэль Лосано Серраноны жеңді. Үш раунд бойы айқын басымдық көрсеткен Махмұд Сабырхан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, алтын медальға қол жеткізді.
Санжардың жеңісі
Әлем біріншілігінде қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай да жеңіс тұғырына көтерілді. 50 келіге дейінгі салмақтағы финалда ол моңғолиялық Алдарқхишиг Баттулгамен күш сынасты. Жекпе-жектің алғашқы раундынан бастап тізгінді өз қолына алған Санжар үш раунд бойы қарсыласынан басым түсті.
Топ жарған қыздар
Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Алуа Балқыбекова алтын медаль иеленді. 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы финалда түркиялық Бусе Наз Чакыроглумен күш сынасты. Қарсыласына мүмкіндік бермеген Алуа шешуші жекпе-жекте айқын басымдық танытып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ол екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Алайда төреші Алуа жеңіске жеткенін жариялаған сәт түркиялық жаттықтырушыға ұнамаған секілді. Нәтиже шыққан кезде жаттықтырушы ашуланып, Қазақстан тарапына наразылығын білдіріп жатты. Оның нақты не дегені белгісіз. Алайда бұл сәт тікелей эфирге түсіп қалды.
Әлем чемпионатының финалында топ жарған тағы бір қыз – Аида Әбікеева. 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен бұрымды боксшымыз финалда өзбекстандық Навбахор Хамидовамен жұдырықтасты. Алғашқы екі раундта қарсыласы ұпай жағынан басымдық танытқанымен, шешуші кезеңде Аида тамаша бокс үлгісін көрсетіп, жағдайды өз пайдасына бұра алды.
Нәтижесінде ол жеңісті жұлып алып, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Ал 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық Наталья Богданова өз қарсыластарына еш мүмкіндік берген жоқ.
Финалда ол аустралиялық Лекеиша Перголитимен кездесіп, айқын басымдық танытты. Жекпе-жекте толық үстемдік құрған Наталья еш қиындықсыз жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар, Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдемен ерекшеленді.
Белгілі бокс менеджері Болат Манкенов қазақстандық спортшыларды жеңісімен құттықтады.
"Бапкерлерді,боксшыларды,федерация ұйымының қызметкерлерін құттықтаймыз. Алдағы болатын Олимпиада ойындарында осындай дәрежеде өнер көрсетуге таусылмас қуат,денсаулық,қажымас еңбекпен шеберлік тілейміз", - дейді Манкенов.
Сонымен қатар, жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов боксшылардың өнеріне пікір білдірген болатын.
Суреттер: Ұлттық олимпиада комитетінен