«Осы қарқынмен Олимпиадаға дайындалу керек»: Жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов боксшылардың өнеріне пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 15 қыр. 2025 11:42

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Dalanews.kz-ке берген сұхбатында әлем чемпионатында қазақстандық боксшылардың өнер көрсетуіне қатысты пікір білдірді.

Тұрсынғали Еділов финалда боксшыларымыз ерік-жігері мен мықты мінез көрсеткенін атап өтті. 

«Бұл бапкерлердің, спорт комитетінің еңбегі. Жаттықтырушылар құрамы өз жұмысын жақсы алып шықты. Себебі дайындық мықты. Психологиялық тұрғыдан да мықты дайындық болды. Ойынның өзі де тартысты өтті. Қазақ боксшылары мықты екендерін дәлелдеді. Бізде бокс болған, бола береді де. Кеше осыған куә болдық», - дейді Тұрсынғали Еділов.

Ол боксшылар осы қарқынмен Олимпиада ойындарында да тартысты ойын көрсетеді дейді.

«Себебі жас боксшылар бар. Олар нағыз тәжірибе жинап, Олимпиада да жақсы ойын көрсете алады деп ойлаймын. Қыздардың да деңгейі жақсы. Енді осы құраммен Олимпиадаға дайындалу керек», - дейді жаттықтырушы.

Сонымен қатар, Тұрсынғали Еділов Назым Қызайбайға алтын алуға не кедергі болуы мүмкін екенін айтты.

«Назым бірінші шыққан соң қобалжып қалды ма деп ойлаймын. Бірақ ол жақсы өнер көрсетті. Финалға дейін жетті. Іштей қалай болар екен деп көп ойланған шығар. Іштей қысым да болған шығар. Ал жалпы финалға дейін жақсы өнер көрсетті», - дейді Тұрсынғали Еділов.

Еске салайық, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын жеті алтын медальмен аяқтады. Бірінші орын иеленгендер: Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін).

Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдемен ерекшеленді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар