Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың отбасын милиция күштеп үйден шығарып жіберген. Бұл туралы әлеуметтік желілерде оның балалары Әлия Шагиева мен Қадырбек Атамбаев мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz қырғызстандық БАҚ-қа сілтеп.
Олардың айтуынша, Қой-Таш ауылындағы үйден милиция шығарып жіберген. Милиция қызметкерлері заттарды шығарып, арнайы контейнерге тиеген.
Әлия Шакиева бұл жағдайға қатысты "тау-тау болып үйілген заттармен далада қалдырды" деді.
Атамбаевтар отбасы сот процестері әлі жалғасып жатқандықтан, бұл әрекетті заңсыз деп есептейді.
Кейінірек Қадырбек Атамбаев олардың уақытша туыстарының үйінде тұрып жатқанын айтты.
Еске салайық, бұрынғы президенттің үйі орналасқан Қой-Таш ауылындағы жер телімі мемлекетке қайтарылған. Сот шешіміне сәйкес оған іргелес аумақ та мемлекетке берілді.
Бұған дейінгі Қой-Таштағы оқиға
2019 жылғы 7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын күштеп алуға тырысты. Келесі күні ІІМ мен ҰҚМК бірлесіп, екінші арнайы операция өткізіп, экс-президентті ұстап әкеткен болатын.
Оқиға кезінде Атамбаевтың жақтастары күштік құрылымдарға тас лақтырып, қоқыс пен дөңгелектерді өрттеген. Қақтығыс екі күнге созылып, 136 адам жараланып, бір арнайы жасақ қызметкері оқтан қаза тапты.
Экс-президентке бірқатар қылмыстық іс бойынша айып тағылған:
- 2019 жылғы Қой-Таштағы жаппай тәртіпсіздікке қатысу
- Жемқорлық
- Қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру
- Түркия азаматтарына заңсыз паспорт беру
2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру істері бойынша да айып тағылған. Алайда соңғы екі іс бойынша Атамбаев ақталған.
Қой-Таш оқиғасына қатысты материалдар жер телімдері мен ЖЭО-ға көмір жеткізу істерімен біріктірілген.
Еске салайық, Атамбаев Назарбаев тұсында "Қазақстан қырғыз сайлауына араласты", "қазақ билігі ұры" деп сын айтып, Назарбаевтың өзін диктатор деп атаған еді.