Екі сайт сырттай бір-бірінен еш айырмашылығы жоқтай көрінуі мүмкін: заманауи дизайн, мобильді нұсқа, бірнеше минутта тіркелу мүмкіндігі және үйреншікті төлем тәсілдері. Алайда олардың бірі Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жұмыс істесе, екіншісінің ел аумағында тиісті қызметтерді көрсетуге құқығы болмауы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгінде мұндай ресурстарды сыртқы белгілеріне қарап ажырату барған сайын қиындап келеді. Сондықтан басты сұрақ – «сайт қаншалықты сенімді көрінеді?» емес, «ұйымдастырушының ресми мәртебесін растауға бола ма?».

Нені білу маңызды
Қазақстанда электрондық казино мен интернет-казино қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың интернет-ресурстарына тыйым салынған.
Лицензиаттар туралы өзекті ақпарат уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланған.
Сайттың заңды немесе заңсыз екенін тек онда жарияланған ақпаратқа қарап анықтамаған жөн. Логотиптердің, шет мемлекеттер берген лицензиялардың, оң пікірлердің, жарнаманың немесе керекті тілде қолдау қызметінің болуы ұйымдастырушының Қазақстан аумағында жұмыс істеуге құқығы бар екенін өздігінен растамайды.
Неге назар аудару керек
Жиі кездесетін қателіктердің бірі – интернет-ресурсты сыртқы көрінісіне қарап бағалау. Заңсыз платформада заманауи сайт пен мобильді қосымша, қолдау қызметі, әлеуметтік желілердегі парақшалар және белсенді жарнама болуы мүмкін. Мұның бәрі ресурсты ілгерілету тәсілдеріне жатады, алайда оның заңды екенін растамайды.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың электрондық кассалары үшін заңнамада домендік атауларға қатысты талаптар белгіленген. Атап айтқанда, .KZ немесе .ҚАЗ аймақтарындағы домендік атаулар пайдаланылады. Сонымен бірге .KZ немесе .ҚАЗ доменінің болуы ресурстың заңды екенін автоматты түрде білдірмейді. Ұйымдастырушыны, лицензиясының бар-жоғын және ұсынылған ақпараттың ресми мемлекеттік дереккөздердегі мәліметтерге сәйкестігін тексеру қажет.
Мемлекет заңсыз ресурстарды қалай анықтайды
Қазіргі уақытта цифрлық мониторингті Ойын бизнесін мониторингтеу және талдау орталығы жүзеге асырады. Орталық күмәнді ресурстар туралы мәліметтерді анықтайды, оларды тексереді және қолжетімділікті шектеу туралы шешім қабылдау үшін материалдарды белгіленген тәртіппен масс-медиа саласындағы уәкілетті органға жолдайды.
Күмән тудыратын интернет-ресурс анықталған жағдайда азаматтар ол туралы Ойын бизнесін мониторингтеу және талдау орталығының ресми парақшасы арқылы да хабарлай алады.
Хабарламада нені көрсету керек
Өтініш жолдаған кезде мына ақпаратты көрсеткен жөн:
интернет-ресурстың нақты мекенжайы (URL);
сайтта не ұсынылатыны туралы қысқаша сипаттама;
оның қызметінің заңдылығына күмән тудырған белгілер;
мүмкіндік болса, сайт беттерінің скриншоттары.
Хабарлама үлгісі:
«[мекенжай] интернет-ресурсын тексеруді сұраймын. Сайтта онлайн ойындарға қатысу немесе бәс тігу ұсынылады. Ұйымдастырушының ресми мәртебесін растау мүмкін болмады».
Хабарламаларды қабылдауға арналған жеке онлайн-форма іске қосылуға дайындалып жатыр. Ол қолжетімді болғанға дейін ақпаратты Орталықтың байланыс деректері арқылы жолдауға болады.
Азаматтың хабарлама жіберуі интернет-ресурстың автоматты түрде бұғатталатынын білдірмейді. Алдымен ұсынылған мәліметтер тексеріледі. Содан кейін материалдар белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.
Егер сайттың заңдылығына күмәндансаңыз, тіркелмеңіз, шотыңызды толтырмаңыз және алдымен ұйымдастырушының ресми мәртебесін тексеріңіз.