Астанадағы «Жанұя» орталығына жыл басынан бері 30 мыңнан астам адам жүгінген

Ақтоты Жапатова 15 қыр. 2025 11:10

Астанадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы тұрғындарға кешенді әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қызмет көрсетіп келеді. Биыл жыл басынан бері мұнда 30 мыңнан астам адам жүгінген,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

«Жанұя» орталығы 2019 жылы құрылған. Негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету. Мұнда мамандар заңгерлік және психологиялық кеңес берумен қатар, әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін ұйымдастырады. Сонымен бірге мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті көмектер алуына жәрдем көрсетіледі.

Орталықтың БАҚ-пен өзара қарым-қатынас бөлімінің маманы Айсұлтан Құнанбайдың айтуынша, азаматтар көбінесе некені бұзу, алимент өндіру, ортақ мүлікті бөлу және еңбек дауларына қатысты заңгерлік кеңестерге жүгінеді. Сондай-ақ орталықтың заңгер-медиаторлары соттармен бірлесіп, отбасылық дауларды шешуге атсалысады.

Психологиялық көмек те басты назарда. Мамандар психодиагностикалық, психокоррекциялық және консультациялық қызметтер көрсетіп, онлайн кеңес өткізеді. Ал ұйымдастыру бөлімі отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған мәдени, патриоттық және тәрбиелік іс-шараларды тұрақты ұйымдастырады.

Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға қолдау көрсетуде мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық орнатқан. «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы ақпарат алмасу тиімділікті арттырып отыр.

«Жанұя» орталығы жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін ашық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар