Астанадағы сот Ерболат Жанәбіловтің жұбайы – Эльмира Төлегенованы тергеді. Алайда судья қойған кейбір сұрақтарға ол толыққанды жауап бере алмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Судья Ақерке Бектұрғанова ұтыс ойындарының өткізілу тәртібі мен Төлегенованың рөліне қатысты сұрады. Ол өзін ЖШС атынан өкіл ретінде көрсетіп, курстардың өтуін жариялағанын, сол курстарды сатып алған қатысушыларға бонус берілгенін айтты. Алайда ұтыс шарттарының нақты қайда регламенттелгенін нақтылай алмай, бұл сұрақты техникалық маманға қою керек деп жауап берді.
Төлегенова ұтыс ойындарын ұйымдастыруға қатысты басқа да жайттарды түсіндіріп бере алмады. Ол сотта техникалық бөлімді жақсы білмейтінін мойындап, сондықтан қатысушылар мен жеңімпаздардың нақты санын атай алмайтынын жеткізді.
«Техникалық жағынан мықты емеспін. Есепті маман жүргізеді. Маған белгілісі – екі автокөлік, iPhone, ақшалай сыйлықтар ойнатылды және шамамен жүз адам марапатталды», – деді ол.
Сондай-ақ сот неге ұтыстарды өткізу үшін корпоративтік аккаунт емес, Төлегенованың жеке Instagram парақшасы пайдаланылғанын сұрады.
«Мен аталған ЖШС-нің директоры болғандықтан, менің парақшам қолданылды. Stories-ке курстар жайлы ақпаратты салдым, ал төменге компания сайтына сілтемені қостым», – деп түсіндірді блогер.
Сотта сыйлықтардың қалай табысталғанына қатысты да сұрақтар қойылды. Төлегенова ақшалай жүлделерді өзінің жеке шотынан аударғанын, ал автокөліктер мен техниканың «бұйрық пен мөр арқылы қайта рәсімделгенін» айтты. Оның сөзінше, сыйлықтарды қаржыландыру олардың «Zhana Business» ЖШС қаражатынан жүргізілген.