Жетісуда туризмді дамыту басқармасы құрылады

Ақтоты Жапатова 15 қыр. 2025 10:24

Жетісу облысында облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен Президент Жолдауы аясында туризм саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Кеңеске жергілікті атқарушы органдардың, өңірдегі туристік саланың өкілдері, ұлттық табиғи парктердің, демалыс аймақтары мен базаларының, туристік клубтар мен кәсіпкерлік нысандарының жетекшілері қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісу облысының туризмі 5 негізгі бағытқа негізделген. Олар - Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктері және Жоңғар Алатауы тау сілемі.

- Туризм инфрақұрылымын дамыту – Президент Жолдауында айтылған маңызды тапсырмалардың бірі. Биыл туризм саласына бөлінетін қаражат көлемі облыстың даму бюджетінің 30% құрайды. Соның арқасында нысандардың қолжетімділігі, ең алдымен жол, су, жарық мәселесі шешілуде. Алакөлге дейінгі жол жаңғыртылып, Балқаш көліне дейінгі жол көлік қатынасы үшін ашылды, келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жол толық пайдалануға беріледі. Жасылкөлге дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл өңіріміздің тағы бір көрікті жері саналатын Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолдың құрылысы басталды. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жүргізілуде. Осылайша, біздің тарапымыздан туристік нысандарды қолжетімді ету мен саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді облыс әкімі.

Ол сондай-ақ жыл соңына дейін өңірде облыстық туризм басқармасы құрылып, аудан және қала деңгейінде туризм мамандарының саны артатынын хабарлады. Және де келесі шомылу маусымы басталғанға дейін Алакөл, Балқаш көлдері жағалауларының санитарлық жай-күйіне жауапты коммуналдық кәсіпорын құрылмақ. Осыған байланысты кадр мәселесі өзекті болып отыр.

– Бізге тіл білетін, туризмді дамытуға заманауи көзқарасы бар мамандар қажет. Осы мақсатта биыл Алакөл ауданындағы колледжде туризм мамандығы ашылды. Жетісу университетінде де осы бағытта мамандар даярлануда. Әрине, бұл – тек бастамасы ғана. Білікті мамандарды тарту ісіне жергілікті туристік бизнес қауымдастығы да белсенді араласуы тиіс. Бізге аудармашылар, гидтер, менеджерлер, ұйымдастырушылар керек. Бұл – туризмнің табысты дамуының маңызды факторының бірі, – деген Б. Исабаев сөзді туризм саласына жетекшілік ететін орынбасары Әсет Қанағатовқа берді.

Өз сөзінде А. Қанағатов өңірде туризмді дамыту және проблемалық мәселелерді шешу бағытында қабылданып жатқан шараларға кеңінен тоқталды. Ол ең алдымен жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, Алакөл мен Балқаш жағалауларында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаларға, соның ішінде ретсіз құрылыстың алдын алу шараларына назар аударды. Алакөл жағалауының санитарлық жағдайы мен қауіпсіздікті, әсіресе судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы Жетісу облысына 2 миллион турист келді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Сонымен қатар шетелдік туристер саны 63,6%-ға өсті. Инфрақұрылымның дамуы орналастыру орындарының көбеюіне, ақылы қызмет көлемінің артуына және тиісінше бюджет түсімдерінің өсуіне ықпал етті. Бұл көрсеткіштер туристер үшін өңірдің тартымдылығы артып келе жатқанын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін айқын көрсетіп отыр, – деді А. Қанағатов.

Кездесуге қатысушылар да өз пікірлерін білдірді. Олардың арасында «Яхта» және «Тау Жетісу» демалыс аймақтары директорының орынбасары Давид Виршки бар.

– Биыл туризмге ерекше көңіл бөлінгенін сезіндік. Балқаш көліне баратын жолдың жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін келушілер саны айтарлықтай артты. Сонымен қатар Текеліде біз парапланеризм бойынша бірнеше іс-шара өткіздік, оған әлемнің 50 елінен шамамен 400 ұшқыш қатысты. Бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз. Өз тарапымыздан біз инвесторларды тарту жұмысын атқарып жатырмыз. Бірлескен еңбегіміздің нәтижесі зор болатынына сенемін, өйткені біздің Жетісу көркем әрі сан қырлы, – деді Д. Виршки.

Өңірдің туристік қауымдастығының басқа да өкілдері өз сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, оларды Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жолды жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі, Текелі қаласында туризмді дамытуға арналған бірыңғай мастер-жоспар құру мүмкіндігі, инвесторларды тарту жұмыстары және салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары қызықтырды. Барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.

– Бүгін сіздермен жақсы да ашық диалог болды деп есептеймін. Туризм – өңірде ауыл шаруашылығымен қатар тұратын басым бағыттың бірі. Алдымызда барлық мәселелерді 3 жылдың ішінде шешу ортақ міндеті тұр. Өз тарапымыздан біз қажетті жағдайларды жасап келеміз. Жетісу облысы туризм саласындағы мемлекеттік қолдауды игеру деңгейі мен тиімділігі бойынша республикада үшінші орында. Бизнес қауымдастығы да өз тарапынан инвесторлар тартып, ілгерілету мен жарнамалау жұмыстарымен айналысуы керек. Осылайша күш-жігерімізді біріктіру арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін нәтижеге жете аламыз, – деп сөзін түйіндеді ол. Сондай-ақ ол жауапты тұлғаларға туристік нысандарды заңдастыру, кәсіпкерлердің адал қызметін ынталандыру, туристік инфрақұрылым жобаларын сапалы әрі уақытылы аяқтау, туризм басқармасын құру туралы бірқатар тапсырмалар берді, - деп қорытындылады Бейбіт Исабаев.

Осы күні жиын аясында туризмді дамытуға үлес қосып жүрген ұйымдардың қызметі мен өнімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Өңірдің туристік мүмкіндіктері туралы «Visit Zhetysu» туристік ақпарат орталығының, «Қорғас» ШЫХО-ның, «Жоңғар Алатауы» және «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің өкілдері баяндады. Туристік клубтар, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм федерациясы және Текелі қаласындағы балалар - жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығы осы салада жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ қолөнершілер мен кәсіпорындар өңірдің брендтік өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Көрме қатысушыларымен әңгімелескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев олардың бәріне өңір туризмін дамытуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар