Freedom Inside '26

"Ақталуға тырысқан жоқпын": Төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сәрсемәлиев сөйледі

"Ақталуға тырысқан жоқпын": Төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сәрсемәлиев сөйледі
kznews.kz коллажы

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты айып тағылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің соты жалғасып жатыр, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Сәрсемәлиевтің айтуынша, балаларына оның анасы қараған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топ мүгедектігі бар деген анықтама берілген. Кейін оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімді күту керек болған.

Айыпталушы осы аралықта үш жасар қызы мен әйелін ертіп, қайын жұрты тұратын Жангелдин ауылына бармақ болғанын айтты. Оның сөзінше, ол Ақбаянның туыстарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндіргісі келген.

"Көзқарастары өзгерген шығар деп ойладым. Барған соң сөйлесемін дедім. Егер бәрі жақсы болса, Ақбаянға қамқоршы ретінде сол кісілерді тағайындауға болады деп ойладым. Ештеңе жоспарлап барған жоқпын. Жанымда үш жасар қызым болды. Тек олардың ойын білгім келді", – деді Сәрсемәлиев сотта.

Оның айтуынша, бұл жағдай 3 қараша күні болған. Айыпталушы үйге кірген сәтте қайын жұрты оны жақтырмай қарсы алғанын жеткізді.

"Үйдегілер неге келгенімді сұрады. Есіктен кірген бойда ауыр сөздер айтты. Ақбаян демалсын, ертең сөйлесейік дедім де, ұйықтап қалдым", – деді ол.

Сәрсемәлиевтің сөзінше, келесі күні таңертең оны әйелінің әкесі оятып, қалған балаларды да алып келуді талап еткен.

"Таңертең аяғымнан теуіп оятты. Қалған балалар қайда, оларды алып кел деді. Ақбаян осы үйде қалады деді. Сол кезде бекер келгенімді түсінгендей болдым", – деді айыпталушы.

Ол қамқоршылық пен мүгедектікке қатысты мәселені түсіндіріп үлгермегенін айтты. Айыпталушының сөзінше, қайын жұрты басқа балаларды да әкелуді талап етіп, егер бұл талап орындалмаса, оның үйіне барып жанжал шығаратынын айтқан.

Сәрсемәлиев сотта сол жағдай өзіне психологиялық тұрғыдан ауыр тигенін жеткізді. Сонымен қатар ол елге жеткізілген соң қылмысын мойындағанын айтты.

"Тергеушіге жетпей-ақ, әуежайда қарсы алған адамдарға бәрін мойындадым. Ақталуға немесе қылмыстан жалтаруға тырысқан жоқпын", – деді ол.

Сот отырысында айыпталушы көзіне жас алып, болған жағдайға өкінетінін де жеткізді.