Таиландта жоғалып кеткені айтылған қазақстандық рэпер Дархан Жұмабекке қатысты жаңа ақпарат шықты. Көпшілікке Кисло-Сладкий лақап атымен танымал әншінің табылғанын Салауат есімді кәсіпкер Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазір Дархан ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Кәсіпкер рэпердің тағы бір тәулік ем алып, қалпына келген соң өзі эфирге шығып, болған жағдайды түсіндіреді деген үмітін жеткізді.
"Іздеген, алаңдаған, көмектескен әр адамға рақмет. Ең бастысы – адам табылды және қауіпсіз жерде. Адам болған соң бәрі болады. Маңыздысы – бәрі жақсы аяқталды", – деп жазды ол.
Сондай-ақ кәсіпкер жұртты жалған ақпаратқа ермеуге, тек сенімді дереккөздерге сүйенуге шақырды. Ол Дарханға тезірек сауығып, жақындарының ортасына оралуын тіледі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Кисло-Сладкийдің Таиландта жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Оның таныстары мен шығармашылық тобы рэпердің байланысқа шықпай қалғанын айтып, дабыл қаққан.
Музыкалық клиптер режиссері Parasat.top әншінің таңертең Пхукеттен Бангкокке ұшып келуі керек болғанын, алайда белгіленген жерге жетпегенін мәлімдеген. Кейін рэпердің телефондары өшіп қалғаны айтылды.
Қазіргі таңда әншінің нақты қандай жағдайда табылғаны толық айтылған жоқ. Жақындары ең бастысы оның аман-есен екеніне қуанып отыр.