Түркістан облысында цифрландыру жан-жақты жетілдірілмек

Азамат Қойшығара 13 қар. 2024 06:43 813

Соңғы жылдары отандық экономиканы цифрландыру үдерісі қарқын алып келе жатыр. Әрине бұл жақсы тенденция. Себебі мұндай қадам әлемдік аренада еліміздің экономикалық тұрғыдан одан әрі өсіп, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл игілікті істің басында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы тұр.

Цифрландыру ұлттық экономикамызға қозғау салып, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына септігі тимек. Цифрландыру, жалпы алғанда жұмыс орындарын құрудың жаңа толқынын бастауға жол ашады. Және де жаңа технологиялардың отандық экономикаға бейімделуін қамтамасыз етіп, оларды әзірлеудің қозғаушы күшіне айналып келеді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында біраз жұмыс қолға алынды. Ендеше, бағдарлама аясындағы басым бағыттар саналатын 5 сала бойынша атқарылған жұмыстарға аз-кем тоқталсақ.

Алдымен білім беру саласындағы жұмыстарды зерделеп көрсек. Облыста мектепке дейінгі 1385 білім беру ұйымы бар, онда 150541 бала оқиды. Бүгінде «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды автоматтандыру» жобасымен 725 (53%) мектепке дейінгі білім беру ұйымы қамтылып отыр.

Жалпы білім беретін мектептерде де цифрландыру үдерісі жақсы жолға қойылып келеді.

Аймақтағы барлық 902 мектек jumys.sitcen.kz жүйесіне қосылған. Бұл жүйе өңірдегі мектептердің бәріне толық енгізіліп, қазіргі таңда 1754 адам осы жүйе арқылы жұмысқа орналасқан. Соңғы дерек бойынша, аталған жүйеге 69639 қолданушы тіркеліп, тұрғындардан 5874 мыңнан аса өтініш түскен.

Облыста «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстарына мектептер 100 пайыз қосылған.

Мектепке оқушыларды электронды негізде қабылдау ісі де ойдағыдай жүргізіліп отыр.

Түркістан облысында жалпы орта білім беретін 902 мектеп 2018 жылдың шілде айынан бері «Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет mektep.sitcen.kz порталы арқылы автоматтандыру жүйесіне енгізіліп отыр. Бұл жүйе Түркістан облысының барлық ауданында жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда осы жүйе бойынша 54751 электронды өтініш келіп түскен, 53049 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданды.

«Күнделік» электронды журналдар және күнделіктердің бірегей ақпараттық жүйесі аймақта 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келеді. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап осы жүйеге 866 (96 пайыз) мектеп қосылды. Алдағы уақытта өңір мектептерінің қосылуын 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Компьютермен қамтамасыз ету де күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Білім басқармасы тарапынан 561 миллион теңгеге 1700 BilimBook компьютер-планшет алынып, 235 білім ордасына «Bilim Book» компьютер-планшет бөлініп, олар оқу процесінің қажетіне жарап отыр.

Қосымша жабдықтау игіліктерінің нәтижесінде әр компьютерге келетін оқушы саны 11,3-тен 10,6-ға төмендеген. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасады.

Кең жолақты интернет тарту ісінде де жақсы көрсеткіш байқалады.

Облыстың 775 (86,1 пайыз) мектебі кең жолақты интернет желісіне қосылып, оның ішінде 648-і (72 пайыз) 4Мбит/сек және одан да жоғары жылдамдықтағы кеңжолақты интернеттің қызығын көріп отыр. Бұл көрсеткішті де 100 пайызға жеткізу ойда бар.

Wi-Fi-мен қамтамасыз етуге де басымдық берілген.

Қазіргі таңда 735(81,4 пайыз) мектеп WI-FI нүктелерімен қамтылған. Сонымен қатар 2018 жылдың соңында Oqylyq.kz платформасы іске қосылды. Аталған платформаның тиімділігіне тоқталсақ, біріншіден мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын артырады. Екіншіден, цифрлық кітапхананың қалыптасуын жеделдетеді, үшіншіден, жұмыстың тиімділігін арттырып, оқу семинарларын дайындаудағы шығынды азайтпақ. Төртіншіден, тез әрі жылдам интерактивті курстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Осы аталған жүйелердің тиімділік көрсеткіштері де ауқымды. Мәселен:

  • Сыбайлас жемқорлық тәуекелі кауіптілігінің 18 түрі жойылады;
  • Оқушылардың сабақтан негізсіз қалуы деңгейінің төмендеуі – 18 пайыз;
  • Оқушылардың білім деңгейінің өсуі – 12 пайыз;
  • Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты арыз-шағымдардың азаюы – 50 пайыз;
  • Педагогтардың сапалық құрамының өсуі – 15 пайыз;

Құжат айнылымның төмендеуі – 60 пайыз;

Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары уақыт күттірмейтін мәселе.

Бүгінгі күнде Түркістан облысындағы денсаулық сақтау саласын цифрландыру үдерісі сауықтыру және алдын алу, ауруды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету және ауруды басқару және оңалту сынды 4 бағытта жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау нысандарының инфрақұрылымын қамтамасыз ету бағытында компьютерлік техникамен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр.

Түркістан облысында бүгінде 38 медициналық ұйым медициналық ақпараттық жүйеге қосылып, 100 пайыз қамтылған.

Қағазсыз құжат айналымы да өз жолын тапты.

38 медициналық ұйымынан 38 (100 пайыз) медициналық ұйым ішінара қағазсыз құжат айналымына ауыстырылды. 121 медициналық нысаннан 121 (100%) медициналық нысан электрондық нұсқаға көшірілді.

Әр емханада мобильді қосымшаларды пайдалануды түсіндіру мақсатында науқастарға цифрлық көмек көрсету бекеттері ашылған. Соның арқасында бейінді мамандарға 11 жолдама бойынша қабылдау уақыты 4-5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Ол бұрын 1-2 апта болатын.

Ауруларды ерте анықтау – медицина саласының басты талаптарының бірі.

Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу барысы 76,4 пайыз электронды түрге жеткізілді.

Облыс көлемінде 1 798 660 (100 пайыз) электрондық денсаулық паспорты жасалды. 4525 дәрігер және 14 695 орта буынды қызметкерлер толығымен медициналық ақпараттық жүйе бойынша курстан өтті.

Көлік саласында да көп цифрлық өзгеріс бар.

Ең алғаш 2018 жылы Түркістан қаласындағы 2 жолаушылар тасымалы бағытының автобустарына жол ақысын электронды тәсілмен төлеу жүйесі қанатқақты жоба ретінде іске қосылды.

Жоба шеңберінде 21 автобусқа планшеттер мен 120 QR-кодттары орнатылып, бұл игі істі жолаушыларға жарнамалау үшін банерлер де көрнекі жерге қойылды.

Салаға жол ақысын электронды төлеу жүйесін енгізіп қана қоймай, бағыттардағы қоғамдық көліктің қозғалысын (автокөліктер GPS трекермен қамтамасыз етілген) бақылап отыру үшін диспечерлік орталық іске қосылған.

Одан бөлек, негізгі құрамдағы ауданаралық және облысаралық тұрақты бағыттардағы 594 жолаушы тасымалдайтын көлік құралының бәріне GPS құрылғысы орнатылды.

Облыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да цифрлық технологиялардың игілігін көре бастады.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «SmartCity» тұжырымдамасын іске асыру үшін Отырар шағын ауданынан таңдап алынған 10 көпқабатты тұрғын үй E-SHANYRAQ жүйесіне интеграцияланды.

Бұл жүйенің басты мақсаты – шығындарды бекіту, қаржатты жұмсау мәселелерінде ПИК қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, осы жүйенің арқасында тұрғындар интернет арқылы есептеулер мен есеп айырысулардың дұрыстығын тексере алады және үй шығындары мен табыстарын бақылай алады. Сондай-ақ ТКШ мәселелерін көтеріп, тиісті мекемелерге онлайн үлгіде өтініштер де бере алады.

Облыста деректерді қашықтан тарату мүмкіндігі бар электрмен жабдықтаудың 17854 жеке есептегіші орнатылған және 291 жалпыүйлік жылу есептегіштері қолданылып отыр.

Түркістан облысы ТҚШ ЭжКШ басқармасында аталған есептегіштердің көрсеткіштерін E-SHANYRAQ жүйесіне қосу және беру бағытындағы жұмыстардың белсенділігі артқан. Бүгінгі таңда жүйеге 216 үй қосылып, оның ішінде 79 КПТҮ есептеуіштерінің мәліметтері жүйеге қосылған. Нақты айтсақ, 1495 электрмен жабдықтау есептегіштері кәдеге жарап тұр. Сондай-ақ деректерді қосу бойынша іс-шара Кентау қаласында және Түркістан қаласында қолға алынған.

«Ақылды кварталдың» құрамдас бөлігі ретінде бүгінгі таңда Түркістан қаласының Отырар шағын ауданында 8 бейнебақылау камерасы орнатылып, азаматтардың қауіпсіздігіне қызмет етіп тұр.

Сондай-ақ күн қуат алатын панельдері мен фотореле арқылы қосып-өшіретін датчиктері бар 76 көше шамы, яғни «ақылды жарықтандыру» компоненттері орнатылды. Олар энергия шығындарын 30 пайызға дейін үнемдейтін технологиялық мүмкіндікке ие.

Облыста күн панельдері жүйесі мен фотореле датчиктері бар 700 көше жарық шамы орнатылды. Атап айтсақ, Кентау қаласы – 62, Түркістан қаласы – 76, Түлкібас ауданы – 37, Шардара ауданы – 6, Отырар ауданы – 126 және Сарыағаш ауданы 399 «ақылды» шаммен қамтылды.

Облыс бойынша механикалық таймер жүйесі негізінде 1294 ақылды көше ілгіштері бар.

Күтілетін нәтижелері де көңілден шығады. Атап айтсақ, тұрғын үйлерде тұтынылатын энергия, жылу, суды және газды пайдалану тиімділігін 20-30 пайызға арттырылмақ. Комммуналдық тұтынуларды ұрлау фактілерін болдырмай, оны апаттық жағдайларды дер кезінде анықтау есебінен төмендетеді. Сондай-ақ мамандар нысандарда орналасқан барлық жылу есептегіштер мен бақылаушылардан деректерді автоматты түрде жинауға болатынын алға тартып отыр. Сонымен қатар жылу энергиясын пайдалануды тиімді бақылау және жылу желілеріндегі шығындарды анықтау мүмкіндігі арта түспек.

Қауіпсіздік саласына келер болсақ, бүгінде Түркістан қаласында пилоттық жоба ретінде төмендегідей жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен, «Трафик-Сканер М» 2 фото-видео комплексі орнатылды. Видео мәліметтерді жергілікті кезекшіліктегі полиция бөлімшесіне шығаратын бір «Ақылды жол қиылыс» 1 кешені іске қосылды. Сонымен қатар ақылды қала жобасымен тұрғын үйлерге 8 бейнебақылау камерасы орнатылды және пилоттық жоба ретінде жол ережелерін бақылауға арналған 6 бейнекамера құрылғысы орнатылды.

Сондай-ақ 2016 жылы орнатылған барлық 41 камераны толықтай қалпына келтірілу жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте Орталықтан жедел басқару және Өңдеу орталығын ашып, оған қоса жол қозғалысын бақылайтын 25 фото-бейне камера және құқық бұзушылықтарды анықтайтын 3 камера орнатылмақ.

«112» диспетчерлік орталық негізінде жұмыс істейтін пилоттық жоба сынақтан өтті. Жоғарыда көрсетілген құрылғылар мемлекеттік-жекешелік серіктестік есебінен Шымкент қаласындағы бейне бақылау жүйесімен және Ішкі істер министрлігі жүйесімен қосылмақ.

Орта есеппен ай сайын бюджетке 1 млн 400 теңге түсетіні де нақтыланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар