"Ашығын айту керек, қазіргі вакциналау жұмысының қарқыны әлі де мардымсыз, нақты қадамдар жасау қажет. Түптеп келгенде азаматтарымыз өзінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы қажет. Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, кейбір салаларда вакцинаны міндетті түрде салдыру шараларының заңнамалық, тіпті, конституциялық негізі бар.
"Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы. Сондай-ақ, мынандай екі мәселеге тоқталғым келеді. Біріншіден, міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеу болмауға тиіс. Медициналық себептерге және белгілі бір жағдайларға байланысты екпе салдырмайтын адамдар бар. Мемлекеттік органдар, әсіресе, мониторинг жүргізу топтары осы мәселені ескеруі керек", - деп түйіндеді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін әділет министрлігі COVID-19-ға қарсы вакцинаны міндеттеудің құқықтық негізін түсіндірген болатын. Ведомствоның ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін Денсаулық туралы кодексте профилактикалық екпелер егу шарасы көзделген.
Кодекстің 85-бабы 4 және 8-тармақтарына сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті.
Олардың қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жатады. Бұл үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысында айтылған.
"Осылайша, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін COVID-19-ға қарсы міндетті вакциналаудың құқықтық негіздері бар және бұл "Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды" деген (Конституцияның 31-бабы) конституциялық нормаға сәйкес келеді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, Қазақстан Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды", - делінген хабарламада.
Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, құқықтар мен бостандықтар халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектелуі мүмкін.
Дереккөз: sputnik.kz