Мен дүние қуған, байлық жиған адам емеспін. Бар тапқанымды қанағат етіп, айлықпен күн көріп келе жатқан азаматпын. Әйелімнің де тұрақты жұмысы жоқ. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз.
Мен отбасымның осындай жұпыны күн кешіп жатқаны үшін Қазақ билігін кіналамаймын, өзімнің кемшілігім, жалқаулығым және тұрмысқа қырсыздығым деп білем. Сөйте тұра, өзімді бақытты жан, берекелі отбасының отағасы санаймын.
Райан биді өте жақсы көреді. Анда-санда шешісі көйлек тігіп тапқан ақшасымен қызымызды би үйрететін орталыққа апарады. Оның бір сағаты бес мың теңге.
Байболат Күнболат ағасы қамалып, Халида Ақытқан бастаған апалары төрт айдан бері Қытай геноцидтіне ұшыраған туыстарын жоқтап, қасырет шегіп, заңсыз митинг жасағаны үшін екі миллион теңгеге жуық айыппұл арқалап жатқанда, Райан Мұқибектің «тайраңдап» билеп жүргені – әкесінің, зәңгі атасының атына ауыр сын емес пе?!
Бүгін осы ойға келіп, Райанның би үйренуге жұмсайтын екі жолғы ақшасын сол шеркөкірек апаларының есепшотына аударуды шештік.
Мән-маңызын толық түсініп кетпегенімен, біздің бұл ұсынысымызға төрт жасқа алдағы қыркүйекте толатын Райан қарсы болған жоқ.
Қайта, «Иә!» деп, басын изеп, келісімін берді.
Мүмкін, періштесі сездірген шығар.
Біреулер шығып, «Өзі жарымай жүріп, осы неме-ақ елге ақша атағыш екен. Анау жылы Серікжан Біләшұлына айыппұл салынғанда үш мың теңге беріп еді. Енді, міне, кемпірлерге тамақ жіберіп, шай беріп, одан қалса он мың теңгесін жылтыңдатып тағы шыға келіпті. Алдымен өз тұрмысын жөндеп алмай ма?!» деуі әбден мүмкін.
Десе, дей берсін!
Құдай мені солай жаратқан. Ата-анамның берген тәрбиесі де солай болатын. Жақын жүрген Мүтәліп Әбдрахманов, Тұманбай Молдағалиев, Хасен Оралтай, Өмүрбек Текебаев, Мұрат Бақтиярұлы секілді ағаларымның үлкен буыны көрсеткен үлгісі де сол...
Қазақтың біртума ақыны Сабыр Адайдың «Әр қазақ – менің жалғызым!» деген сөзін мектеп баласынан бастап, біздің Елбасымызға дейін айтты. Президент те бұл сөзді, дау жоқ, біледі деп ойлаймын.
Бұл сөзді, әсіресе, Қытайдан оралған менің жерлестерім тіпті көп айтады.
Ендеше, міне, оншақты жалғызыңыз аязы қақаған қыс бойы, жаңбыры шылқыған көктем бойы, ыстығы ми қайнатқан жаз бойы исі қазақтың тағдыры үшін тікесінен тік тұрып, зарлап келеді.
«Адамзат баласының басына бермесін!» деп тілейтін тағдыр – бұл!
Қайырымдылық туралы қасиетті «Құранда» өте көп айтылады.
Қолда болса, жоқ-жітікке, қиналған жандарға шама келгенше көмектесіп тұрған жақсы.
Қайырымдылық темасына тоқталғанда, қазақтың ескі байлары жайлы да аңызға айналған әңгіме жетерлік.
Мысалы, Ахмет және Мұстафа Оразайұлдары Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясына 2 мың рубль төлеп, Әлихан Бөкейханды қазақ жұртының атынан делегат етіп ұсынады.
Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған мәселелерді «сепаратистік» деп танып, 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновты тұтқындалғанда ел-жұрт 3000 сом (ол кезде бұл өте көп ақша) төлеп, оны түрмеден босатып алған... Бұл әңгімені оқыған қазақтың бәрі біледі.
Мен Қытай геноцидіне ұшырған туыстарын бостуды талап етіп келе жатқан аналарды Алаш көсемдерімен салыстырудан аулақпын, әрине.
Тек, қазақтың басына қиын-қыстау күндер туғанда қазақтың сөзін сөйтін, жоғын жоқтайтын тұлғаларға қазақ байларының жасаған жомарттығын, қамқорлығын айтқым келді.
Жасыратын түгі жоқ, қазір Шыңжаңдағы қазақтың тағдырына байланысты империямен соғыс жүріп жатқан тұс.
Сол соғыстың жәбірленушісі және қаһарманы осы апалар болып тұр.
Мен заңсыз митингіге тіс-тырнағымен қарсымын!
Бірақ, Шыңжаңдағы саяси қысымға ұшырған қандастарымыздың бостандығы мен құқығы қалпына толық келмейінше, Қытай геноцидіне қарсы күрестің тоқтағанын да қаламаймын!
Қай бала үшін де «Әкем мен шешем бай бопты, төрт түлігі сай бопты...» жеткіліксіз.
Мүмкіндігі бар әрбір ата-ана, болашақта балалары мақтанып айтып жүретін, халыққа бір игі іс жасап кеткені дұрыс. Оған миы мен шамасы жетпесе, ең кемінде, баласы ұялатын, ұрпағының бетіне ертең шіркеу болып тиетін теріс қадам жасамауы тиіс.
Құдай көп көрмесін, мен қызым ұялатын жұмыс жасаған жоқпын. Керісінше, ертең ботам аузын толтырып айтатын ерліктер жасадым деп айта аламын.
Алла қолдап, амандық болса, әлі талайдың тізесін дірілдететін боламыз!
Бірақ, Райан Мұқибектің әкесінің шеттегі қазақтар үшін атқарған жұмыстарымен ғана мақтанып отыра бергені жараспайды. Ертең үлкейгенде менің осы жазбамды оқып, болашақта өзі де қайраткерлікпен қатар, қайырымды тұлға болуы керек!
Менің қызымнан күткен үмітім — осы!
Әкесінің «сөз қуып» кетіп, «тесік қалта» болып жүргені болмаса, Райанның арғы-бергі аталары би-зәңгі болумен бірге, ауқатты да кісілер болған.
Сол байлық пен биліктің «кесірінен», Қытайдың қызыл көз үкіметі жағынан олардың тартқан азабы да аз болмаған. Алды атылып, арты қуғын-сүргіннен көз ашпаған...
Ал, менің Райаным, Алла бұйырса, ертең бай да би де болады!
Міне, мынау бүгінгі жасап отырған қайырымдылық сол болашақтағы игіліктің басы деп біліңіздер.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алаштың үш арасына арнап Елорданың төріне керемет ескерткіш орнатты.
Не үшін?!
Біріншіден, олардың Ұлы еңбектеріне деген құрмет болса, екіншісі жағынан жас ұрпақ үлгі алсын деп тұрғызды ол ескерткішті.
Ардақты ағайын!
Құрметті туыстар!
Қадырменді жерлестер!
Ел болып, жұрт болып жұмылып, апаларға салынған айыппұлды төлеп тастайық.
Бұл соттың шешіміне деген қарсылық емес, анаға деген жанашырлық, ұлтқа деген жанкүйерлік!
Балаларыңыздың атынан САДАҚА атап, мұндай қасіретті адам баласының басына бермесін деп тілейік!
Сондай-ақ, менің осы ҮНДЕУІМДІ әлеуметтік желілер арқылы тынбай тараптып отыруларыңызды сұраймын!!!
Құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК
05.07.2021
Алакөл демалыс аймағы,
Көктұма ауылы
??????????????
KASPI GOLD :
4400 4301 5560 4413
ИИН: 810115399093
+7 747 242 78 27
BAIBOLAT KUNBOLAT
Байболат Кунболат