Трамп билікке келсе, Қазақстан үшін күтпеген оқиғалар орын алуы мүмкін - сарапшы

Сағыныш Сардарова 05 қар. 2024 14:59 6514

Америкалықтар 5 қарашада, яғни бүгін жаңа президентті таңдау үшін дауыс бере бастады. Бұл - америкалықтар үшін ғана емес, жаһан елдері үшін де айтулы оқиға.

Осы тұста Dalanews.kz Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұловтың пікірін, болжамын сұрады.

Сайлау аясында Демократиялық партияның кандидаты, АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харрис пен республикашылар атынан кандидат, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп арасында дебаттар өтті.

Әлем көз тіккен сайлауға сарапшылардың болжамы да әртүрлі. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың сөзінше, президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қызу талқыланатын, көп шу шығаратын сайлаулардың бірі болатын түрі бар.

Жанат Момынқұлов

"Трамптың қайтып келуі, Американың ішіндегі бөлініс осыны меңзеп тұр. Бұл сайлаудың нәтижелері Украина мен Ресей соғысын, Таяу Шығыстағы шиеленістерді, Қытай-Тайвань мәселелерін және басқа да әлемдік саясаттың өте өзекті мәселелерін қозғайды. Өйткені Трамп - адам болжап болмайтын тұлға. Одан кейбір күштердің өзі қорқып отыр деуге болады. Мысалы, Қытайға түрпідей тиюі мүмкін, Израильді ашық қолдауы мүмкін. Өте қайшылықты тұлға. Қазір Американың штаттарында, әлемде ең көп талқыланатын тақырып осы Трамп болып тұр", - деді сарапшы.

Саясаттанушы Америкадағы сайлаудың бізге де әсер ететінін жеткізді.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - дейді ол.

Жанат Момынқұлов сайлауға қатысты болжамын да жасады.

"Харристің де жеңу мүмкіндігі мол, ол әлі де алда келе жатыр. 80 миллиардер Харриске жақ. Елу шақты миллиардер Трампқа жақ. Американың ең бай адамы Илон Масктың да Трампқа қолдау көрсетуі сайлауға да әсер етуі мүмкін.

Бұл сайлауда кім жеңетінін нақты айта алмасақ та, көптеген сарапшы Харрис жеңетінін болжап отыр. Ал көптеген ауқатты адам "Трамп болады" деп отыр. Көптеген сарапшы "Трамп жеңсе, үшінші дүниежүзілікті соғысты болдырмайды, соғыстарды тоқтатады" дейді. Бірақ керісінше, менің ойымша, Трамптың саясатының нәтижесі ретінде, Байденнің кезінде бұл соғыстар басталды", - деді сарапшы.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында АҚШ-тағы сайлаудың доллар-теңге бағамына әсері туралы айтқан болатын.

"Біріншіден, АҚШ-тағы сайлау. Бұл - маңызды макроэкономикалық фактор, ол белгілі бір жаққа қарай әсер етуі мүмкін. Өйткені президенттікке үміткерлердің мықты экономикалық бағдарламалары бар. Оның ішінде мұнайға қатысты да бағдарламалары бар", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар