Тоқаев БҰҰ-ны әлсіретуге тырысатындарға нақты жауап берді - сарапшы

Көркем Алдабергенова 24 сәу. 2025 16:28 176

Әлемде геосаяси тартыстар күшейіп, сенім дағдарысы асқынған тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына берік ұстанымын тағы бір мәрте паш етті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жиынында айтты деп жазады Dalanews.kz.

Тоқаевтың айтуынша, қазіргі кезде әлемде экстремистік идеологиялар мен популизм қайтадан бас көтеруде. Радикалды риториканың күшеюі, халықаралық құқықтың құнсыздануы және негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалуда.

Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ Жарғысына деген адалдығын сақтай отырып, оны реформалау қажеттігін де тұрақты көтеріп келеді.

«Бүгінгі ахуал тұрғысынан алғанда, БҰҰ әлі де баламасы жоқ жаһандық ұйым ретінде қала береді, сондықтан біз оны қолдауды жалғастырамыз», – деді мемлекет басшысы.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Тоқаевтың бұл мәлімдемесі – БҰҰ-ның ықпалын әлсіретуге мүдделі түрлі геосаяси оппортунистерге берілген жанама жауап. Өйткені соңғы жылдары «әлемдік алпауыттардың орта мерзімді логикасы – әмбебап халықаралық ұйымның беделін түсіріп, өздерінің мүдделеріне қолайлы ахуал қалыптастыруға бағытталған».

Бірақ Әбішев әлемдік қоғамдастық үшін мұндай әмбебап ұйымның баламасы жоқ екенін еске салады.

«Ірі державалардың абсолютті үстемдігі дәуірі өтті. Қазір барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық мүдделеріне сәйкес стратегиялық жоспар құрып, алға ұмтылуда. Иә, АҚШ пен Қытайдың ықпалы зор. Одан бөлек Ресей, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Германия секілді ірі ойыншылар бар. Бірақ геосаяси картада Канада, Австралия, Бразилия, Оңтүстік Корея, Израиль де бар екенін ұмытпау керек. Вьетнам, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Түркия, Италия, Мысыр, Оңтүстік Африка сияқты мемлекеттер де өз орнын нақтылауға талпынуда. Бұл қатарға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан сияқты елдер де қосылды. Әр елде ұлттық мүддені қорғайтын рационалды, прагматикалық элиталар қалыптасып үлгерген», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, көпполярлы әлемді қалпына келтіру әрекеттері осы елдердің көпжақты амбициясына тіреледі.

Түптеп келгенде, барлығы қайтадан әмбебап халықаралық құқықтың басымдығын мойындап, оны бір ортақ әлемдік ұйым арқылы жүргізуге мәжбүр болады.

«Сол кезде бірқатар елдердің, соның ішінде Қазақстанның да, халықаралық құқықтық тәртіпті қорғауда және БҰҰ-ны қолдауда тұрақты түрде алдыңғы шепте жүргені айқындалмақ. Қазақстан бұл ретте БҰҰ реформаларының қажеттілігін мойындап қана қоймай, бұл туралы ашық пікірталастарды да белсенді түрде көтеруде», – деп түйіндейді Ғазиз Әбішев.

Әлемдік саяси архитектурадағы БҰҰ-ның рөлі туралы сөз қозғалғанда, президент Тоқаевтың осыдан екі-үш жыл бұрынғы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумындағы әйгілі мәлімдемесін де айта кеткен орынды.

Сол жолғы жиында Қазақстан басшысы көпшілік алдында ДНР мен ЛНР-ды мойындамайтынын анық әрі ашық жеткізген еді. Ол халықаралық құқықтың басты құжаты – БҰҰ Жарғысына сүйену қажеттігін атап өтіп, Қазақстанның бұл мәселеде ұстанымы нақты екенін еске салған болатын.

Бұл да ресми Астананың әмбебап халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ қағидаттарын берік қорғап келе жатқанын дәлелдей түседі.

Лавров БҰҰ-ға не деп шүйлікті? 

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтуынша, Батыс "Ауғанстан ойынына" қайта оралуға белсенді түрде әрекет етіп жатыр, соның бір дәлелі – Дохада бастамашылық жасалған жаңа кеңес форматы.

– Біз Батыстың Ауғанстаннан шыққаннан кейін бұл елге қайта араласуға тырысып жатқанын байқадық. Бұған дейін айтқанымдай, олар ауған жерінен талибтер билікке келген кезде қашып шыққан болатын. Қазір Батыс, атап айтқанда, БҰҰ хатшылығы арқылы Дохада өтетін жаңа кеңес форматын бастамалап отыр, – деді Лавров Өзбекстанға жасаған сапарының қорытындысында.

Лавровтың айтуынша, Батыс елдері өздерін жайсыз сезінеді, өйткені Дохадағы форматқа дейін Ауғанстандағы процестерге сыртқы ықпал ету ісінде негізгі рөлді осы өңірде орналасқан елдер атқарып келді.

– Біз қарсы емеспіз. Тек Батыс елдері осы ортақ күш-жігерге адал ниетпен қатысып, оның астарында екіжақты мақсаттар болмағанын қалаймыз. Сондықтан біз де Дохадағы процеске қатысып отырмыз, – деді Лавров.

Сонымен бірге, Мәскеу әлі де БҰҰ мен Батыстың Ауғанстанды тұрақтандыруға бағытталған ортақ әрекеттерінен айтарлықтай нәтиже көріп отырмағанын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар