Қай өңірден инвестиция көбірек тартылып жатыр?

Көркем Алдабергенова 03 жел. 2025 16:19

2025 жылдың алғашқы 10 айында Қазақстан бойынша инвестиция көлемі +13,1% өскенімен, кейбір өңірлер нақты «инвестициялық серпіліс» көрсетіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Jai sandar телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Ақмола (+55,4%) және Павлодар (+50,3%) облыстары – ең белсенді аймақтар. Мұнда өнеркәсіп, инфрақұрылым және ірі құрылыс жобалары қатар жүруде. Жамбыл (+38,3%), Астана (+31,4%) және Ақтөбе (+29,1%) да жоғары өсім көрсеткен өңірлер қатарына кірді. Түркістан облысының көрсеткіші де айтарлықтай (+24,2%). Бұл өсімдер негізінен төмен база, өткен жылғы баяу қарқын және биылғы жылы бюджеттік қаржыландыру мен инфрақұрылымдық жобалардың белсенді іске асуымен түсіндіріледі.

Жетісу, Алматы қаласы, Алматы облысы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысы өсім бойынша 14–17% аралығында. Бұл аймақтарда ірі мегажобалар аз болса да, жол, инженерлік желілер, тұрғын үй және логистика саласындағы тұрақты инвестициялар жалғасып жатыр.

Өсімі баяу өңірлерге Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шымкент, Қарағанды, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары жатады. Мұнда өсім 3–8% шамасында, яғни инвестиция негізінен инерциялық сипатта, жаңа ірі жобалар байқалмайды. Аутсайдерлер қатарында Абай (−0,9%) және Атырау облысы (-29,7%) бар. Әсіресе Атырауда мұнай-газ саласындағы жобалардың аяқталуы жалпы инвестициялық белсенділікті айтарлықтай төмендеткен. Жалпы, инвестицияның бағыты біртіндеп шикізаттық өңірлерден өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық орталықтарға қарай өзгеріп келеді.

Tradereport.kz сарапшыларының пікірінше, инвестиция өсімі әрдайым әкімдердің жеке әрекетіне тікелей байланып отырған жоқ. Өйткені өңірдегі ең ірі жобаларды көбіне сол жерде бұрыннан жұмыс істейтін трансұлттық компаниялар жүзеге асырады, ал олардың шешімдері жергілікті әкімдікпен емес, Үкімет деңгейінде, ұлттық компаниялармен және халықаралық штаб-пәтерлермен келісіліп қабылданады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар