Мәжіліс екінші оқылымда цифрлық ортадағы құқықтық қатынастарды реттейтін Цифрлық кодекс жобасын қабылдады. Құжат азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуді және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа кодекс қабылданса, қазақстандықтар:
• өздерінің жеке деректерін мемлекеттік жүйелерден өшіруді немесе жасырын етуді талап ете алады;
• деректерінің қалай және қайда қолданылатынын бақылауға мүмкіндік алады;
• алгоритмдер мен жасанды интеллекттің жұмысы туралы ашық ақпарат ала алады.
Сонымен қатар құжат мемлекеттік қызметтердің барша азаматқа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді көздейді.
Цифрлық кодекс цифрлық экономиканың дамуына негіз болмақ. Онда электронды қолтаңба, смарт-келісімшарттар, деректерді алмасу тәртібі және алаяқтықтан қорғану сияқты тетіктер заң жүзінде бекітіледі. Алғаш рет “ұлттық” және “сенімді” цифрлық объектілер ұғымдары енгізіліп, цифрлық инфрақұрылым киберқауіпсіздік аудитінен өтетін болады.
Цифрлық кодекстің басты мақсаттары:
• адам мүддесінің басымдығы;
• жеке тұлға, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
• цифрлық деректерді жасау, сақтау және тарату еркіндігі;
• жеке және қоғамдық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
