2025 жылдың он айында Қазақстанда рөлі оң жақта орналасқан көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы 27 пайыз артқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың мәліметінше, рөлі оң жақтағы көліктерді такси ретінде пайдалануға ресми тыйым салынғанына қарамастан, жасырын тасымалмен айналысатын жүргізушілер жұмысын тоқтатпай отыр. Сондай-ақ жолаушы шақыру қызметтері тарапынан бақылау да жеткіліксіз.
Бейсенбаев әсіресе Toyota Alphard пен Toyota Estima маркалы көліктердің жиі жол апатына түсіп жатқанын атап өтті.
“Екі күннің ішінде Жамбыл және Алматы облыстарында Alphard қатысқан екі ірі жол апаты болды. Он адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды. Бұл өте ауыр жағдай”, – деді депутат.
Оның сөзінше, жол қауіпсіздігі үшін батыл шешім қабылдайтын уақыт келді.
“Рөлі оң жақта орналасқан көліктерді қандай да бір жолаушы тасымалына, коммерциялық, қалааралық немесе халықаралық бағыттарға пайдалануға толық, бұлжымас тыйым енгізу керек”, – деді Бейсенбаев.
