Санкт-Петербургтегі «Шок» радиостанциясында тікелей эфир кезінде төтенше оқиға болды. Қазақстаннан келген ер адам студияға баса-көктеп кіріп, микрофонды талап еткен. Оқиға 2 желтоқсанда болған. «Фонтанка» басылымының мәліметінше, енді оның айтқандарын Ресейдің ФСБ қызметкерлері тексеріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға жексенбі кешкісін, радиодағы эфир барысында, студияда қонақ болып отырған баспагер Глеб Стафеевтің көз алдында болған. Эфирде әдебиетке қатысты әңгіме жүріп жатқан кезде студия есігі қағылады.
«Эфир басталғанына 15 минуттай болғанда, есік қағылды. Сол сәтте музыкалық үзіліс еді. Радиожүргізуші есікті ашты. Кенет біреу соққы жасап, жүргізуші қабырғаға ұшып түсті. Ол өзі арық, әлсіздеу жігіт қой, әбден абдырап қалды. Ал шабуыл жасаған адам тікелей эфир керек екенін, әйтпесе жарылыс болатынын айтты», - деді Стафеев «Фонтанка» тілшісіне.
Оның айтуынша, студияға кірген ер адам жүргізушінің орнына отырып, микрофонды қосудың амалын жасай бастаған. Стафеев оны сабыр сақтауын сұрап, диалог орнатуға тырысқан.
«Онымен сөйлесе бастадым. Радиожүргізуші полицияға хабарлауға жүгіріп кетті. Біз оның қоқан-лоқы жасап тұрғанын қайдан білейік? Тікелей эфирден басқа нақты талап айтпады. Микрофонды алған соң арнайы әскери операцияға қарсы сөйлеп, Мәскеу мен атом бомбалары туралы айтты», - деді ол.
Бейтаныс ер адам өзін Нұрлан деп таныстырып, Қазақстаннан келгенін айтқан. 52 жастағы қазақстандық биыл қазан айында «Питер FM» радиостанциясына да баса-көктеп кіріп, басқа кеңселерге де кіруге талпыныпты. Ол кезде полиция оны алып кеткенімен, көп ұзамай қайта босап шыққан. Енді ол бұл әрекетін тағы қайталап отыр.
Стафеев оның бұл жолғы әрекеті әлдеқайда қауіпті екенін атап өтті, себебі бұл жолы ол эфирге шығып, саяси мәлімдемелер жасаған.
Жағдай ушыға бастаған кезде студияға полиция келіп жеткен.
«Полицейлер келгенде біз онымен әлі сөйлесіп отырдық. Кейін ол студиядан шығып, еш қарсылықсыз берілді. Қол жұмсау немесе күш қолдану болған жоқ», - деп қорытындылады Глеб Стафеев.
Ер адамның эфир кезінде айтқандары қазір арнайы қызметтің назарында. Оқиғаның мән-жайы толық анықталғанша, құқық қорғау органдары қосымша тергеу жүргізіп жатыр.
