Мектепте кейбір пәндер біріктіріліп, өзгеріс болуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 03 жел. 2025 14:07

Қазақстан мектептерінде жаңа білім стандарты сыналып жатыр, ал оның нәтижелері оқыту бағдарламаларына өзгеріс енгізуі мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутаттардың оқу жүктемесінің көптігіне қатысты сынына жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа стандарттың апробациясы жүріп жатыр

Министрдің айтуынша, елде жаңа білім беру стандарты бойынша тәжірибелік сынақ желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Апробация аяқталғаннан кейін нәтижелер талданып, жаңартылған оқу бағдарламалары әзірленеді.

"Қазір қоғам мен сарапшылардың бастауыштағы математика мазмұнына, сондай-ақ лингвистикалық және жаратылыстану бағытындағы пәндерге қатысты орынды сұрақтары бар. Бұл ұсыныстар мамандармен бірлесе талқыланып жатыр", – деді Сүлейменова.

Қандай пәндер бірігуі мүмкін?

Талқыланып жатқан өзгерістердің бірі – қолданыстағы стандартқа сәйкес математика мен геометрия пәндерін біріктіруге байланысты. Бұл шара оқу бағдарламасын ықшамдап, пәндік жүктемені азайтуға бағытталған.

Физиканы, химияны және биологияны біріктіруге министр қарсы

Сонымен қатар, Жұлдыз Сүлейменова білім беру саласындағы ең көп пікірталас тудырған ұсыныстардың бірі – физика, химия және биологияны «жаратылыстану» атауымен бір пәнге біріктіру идеясына қатысты өз ұстанымын ашық айтты.

"Мен бұл бастаманы қолдамаймын. Физика, химия және биология – жеке-жеке оқытылуы тиіс негізгі, іргелі пәндер. Олар бір ғана блокқа біріктірілмеуі керек", – деді министр.

Министрлік өз ұсыныстарын әзірлеп жатыр

Сүлейменованың айтуынша, қазіргі мақсат - оқушылардың жүктемесін азайта отырып, оқу сапасын төмендетпеу. Министрлік пәндерді сақтап қалу жөнінде өз ұсыныстарын дайындауда және шешімдер сарапшылардың пікірі мен оқушылардың мүддесін ескере отырып қабылданады деп уәде берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар