Алматыда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, 23 жастағы фельдшер қаза тапты

Сағыныш Сардарова 03 жел. 2025 17:03

Алматыда жедел жәрдем көлігі жеңіл көлікпен соғысып, салдарынан 23 жастағы фельдшер қыз қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция мәліметінше, оқиға 3 желтоқсанға қараған түні сағат 00:40 шамасында Алатау ауданында болған. Алдын ала деректер бойынша жедел жәрдем көлігі бұрылыс жасап жатқан сәтте қарсы бағытта келе жатқан Kia маркалы көлік соғылған.

"Екі көліктің де жүргізушілері мен жолаушылары түрлі жарақат алды. Ал жедел жәрдем салонында болған фельдшер ауыр халде ауруханаға жеткізілді, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады", – деп жазылған полиция хабарламасында.

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Барлық сараптама тағайындалды, оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр", – деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаменті өкілі.

Айта кетейік, бұл – кейінгі уақытта фельдшер мамандар қаза табуымен байланысты екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін Астанада 23 жастағы жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуан тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде жарақат алып, қайтыс болды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар