Берденовке шабуыл жасалды: Шымкент әкімдігі өкілдері пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 23 сәу. 2025 14:53 195

Шымкент әкімдігі өкілдері Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, оқиға кезінде Шымкент әкімі, оның орынбасарлары мен әкімдік аппараты өз жұмыс орындарында, яғни әкімдік ғимаратында болған.

Қайғылы жағдай болған сәтте жедел жәрдем мен полиция шақырылып, Руслан Берденов дереу ауруханаға жеткізілген. Қаскөй оқиға орнында ұсталған. Берденовке бірден ота жасалып, ол ұзаққа созылған. Қала әкімі мен оның командасы ота толық аяқталғаннан кейін ғана ауруханадан кеткен.

Сәрсен Құранбек әкімдік пен баспасөз қызметінің не себепті бірден мәлімдеме жасамағанын да түсіндірді. Оның сөзінше, мұндай қылмыстық оқиғаларға құқық қорғау органдары жауапты болғандықтан, алғашқы ресми ақпаратты солар береді. Ал денсаулық жағдайына қатысты түсініктеме беру денсаулық сақтау саласының құзырында.

"Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іс прокуратураның бақылауында. Біз қылмыс жасаған адамның себебі жайлы қандай да бір пікір білдіре алмаймыз. Тергеу аяқталған соң қажет ақпаратты Полиция департаментінен ала аласыздар", – деді ол.

Сонымен қатар, ол жалған және расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды. Оның айтуынша, түрлі қауесеттер тарағанымен, тек тергеу нәтижесі нақты шындықты айқындайды.

Әкімдік маңындағы атыс туралы

21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.

"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.

Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар