Түркістан облысында жаңадан 5 индустриалды аймақ құрылды

Ақтоты Жапатова 23 сәу. 2025 17:30 224

Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды,– деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 га, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 га, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 га, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 га және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 га. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген.
 
Қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл бастама 6 040 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, (11 ғимарат), жұмысын бастап кетті. 790 жұмыс орны ашылды.
 
Биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Нәтижесінде 26 жоба іске қосылады. Жалпы І кезең қорытындысымен 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Яғни, 136,8 млрд. теңгеге 37 жоба жүзеге асырылады. Қытайдың ірі компаниясымен келіссөз жүргізіліп, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасалды. Жобаның құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы – айына 600 дана.
 
Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евро болса, толық іске қосылғанда қуаттылығы жылына 140 мың дана болады деп жоспарланған.
 
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені ендіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Ол жерге кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар