19 жастағы астаналықтан 90 грамм мефедрон тәркіленді

19 жастағы астаналықтан 90 грамм мефедрон тәркіленді
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Петропавлға синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

7 мамыр күні Петропавл қаласындағы Парковая көшесінде Астана қаласының 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол синтетикалық есірткі заттарын таратты деген күдікке ілінді.

Тексеру барысында күдіктіден сарғыш түсті ұнтақ салынған 88 орама тәркіленген. Сараптама нәтижесіне сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 90 грамм болатын мефедрон психотроптық заты екені анықталды.

Полицейлердің мәліметінше, мұндай көлемдегі есірткі шамамен 300 адамды тәуелді етуі мүмкін.

Күдікті тергеу кезінде заңсыз әрекетпен осы жылдың наурыз айынан бері айналысып келгенін айтқан. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Заң бойынша есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізгені үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Облыстық полиция департаментінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында есірткіге қатысты 112 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 58-і — есірткі өткізу фактілері.