Алматыда қоғамдық көлік жұмысына қатысты апта сайын шамамен 800 шағым түседі. Қала тұрғындары көбіне автобусты ұзақ күтетініне, салон тазалығына, кондиционер жұмыс істемейтініне, жүргізушілердің әрекетіне наразы. Осыған байланысты қала билігі тасымалдаушыларға бақылауды күшейтіп, күн сайын желідегі автобустар мен жүргізушілерді тексеретін бақылау қызметін құрған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жол ақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Оның орнына билік тасымал сапасын арттырып, тасымалдаушылар арасындағы тәртіпті күшейтуге назар аудармақ.
"Қоғамдық көлік әрдайым қоғам назарында болғандықтан, сын-пікір де көп айтылады. Біз тұрғындардың өтінішін күн сайын Open Almaty, e-Otinish, әлеуметтік желі мен басқа да ресми арналар арқылы бақылап отырамыз. Көбіне автобусты ұзақ күтуге байланысты, тазалық пен кондиционерге қатысты шағым түседі. Анықталған әр заңбұзушылық бойынша тасымалдаушыға қатысты шара қабылданады", — деді Ержан Диханбаев.
Басқарма мәліметінше, аптасына шамамен 300 өтініш Open Almaty арқылы, тағы 400-і e-Otinish жүйесі арқылы түседі. Ең көп шағым қалада үлкен іс-шара өткенде, ауа райы нашарлаған кезде, көлік қозғалысына әсер ететін жол апаты болған сәттерде тіркеледі.
Бақылауды күшейту мақсатында Алматыда бақылау қызметі құрылды. Оның қызметкерлері автобустардың санитарлық және техникалық жағдайын, қозғалыс кестесі сақталуын тексереді, сондай-ақ, жүргізушілердің темекі шегіп, рөлде телефон ұстап, жолаушыларға дөрекілік көрсетіп, аялдамадан өтіп кетуі сияқты заңбұзушылықтарды тіркейді.