Жеке сот орындаушылары міндетті аттестаттаудан өтеді

Жеке сот орындаушылары міндетті аттестаттаудан өтеді
pixabay.com

Мәжіліс қабылдаған заң аясында Қазақстанда жұмыс істеп жүрген жеке сот орындаушылары үшін міндетті аттестаттау енгізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа тәртіпке сәйкес ЖСО-лардың заңнаманы және Кәсіби ар намыс кодексін білу деңгейі тексеріледі. Аттестаттаудан қайта өте алмаған жағдайда жеке сот орындаушысының лицензиясы тоқтатылуы мүмкін.

Түзетулермен ЖСО көмекшілері мен тағылымдамашыларына қойылатын талаптар да күшейтілді. Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылған азаматтар мұндай қызметтерді атқара алмайды.

Сонымен қатар әділет органдарының жеке сот орындаушылары қызметін бақылау өкілеттігі кеңейтіледі. Енді арнайы шоттардағы қаражаттың қозғалысы мен қалдығы туралы мәліметтер сұратылуы мүмкін.

Құжатта атқарушылық істерді басқа өңірлерге негізсіз беру тәжірибесін тоқтату да қарастырылған. Егер борышкер басқа аймақта жұмыс істесе немесе түзеу мекемесінде болса, сот орындаушысы істі бермей ақ, жалақыдан ұстап қалу туралы қаулы жолдай алады.

Бұдан бөлек электронды сауда саттық тәртібі өзгереді. Жеңімпаз сатып алудан бас тартса, мүлікті алу құқығы келесі қатысушыға өтеді.

Сондай ақ интернет платформалар мен мобильді қосымша операторлары сот орындаушыларына борышкерлердің табысы туралы мәлімет беруге міндеттеледі.